ҚАЗЕН ӘБУҒАЗЫ

06.10.2015, 10:04
2465 рет қаралды

Қазен Әбуғазыұлы 1936 жылы Қытай  Халық Республикасындағы  Тарбағатай аймағының Дөрбілжің ауданында дүниеге келген. 

Жасынан ән мен күйге  құмар Казен өнерге әуес болып өседі. Алғаш домбыраны өз әкесі Әбуғазыдан үйренеді. Кейіннен сол аймақтағы  Оразғали атты домбырашыдан күйдің қыр – сырына  қанығады. Жүрегі өнер деп соққан еңбекқор бала анасынан үш жасында, ал әкесінен ес біліп қалған шағында айырылады. Сол кезден бастап тағдырдың тауқыметі мен өмірдің қиыншылығы,  бір басына түседі. Қолына әкесі алып берген ағаш домбыраны алып, тойларда ән салып жүрген жас жігіт сол кездегі Дүрбілжің аумағына таныла бастайды. Нағыз сал-серілердің сарқытындай болып көпшіліктің назарына ілінген бозбала ауыл арасында көкпарға түсіп, «жүйрік атты бала» атанады. Ат жалын тартып, мініп азамат бола бастағанда  әкесінің досы Қыдырхан  базардан таңдап берген көк аттың жүйріктігін ақсақал әлі күнге дейін құрышты қандыра әңгімелеп айтып отыр.  Жасынан есепке жүйрік болып өскен Қазен ауылда бухгалтер болып қызмет атқарған.

Талай жылғы көкейдегі арманы орындалып 1962 жылы атамекені Ақсуат өңіріне оралады. Жастайынан еңбек етіп маңдай терін төгіп өскен Кәзен қандай жұмыстан болса да тартынбайды.

Халқымыз «Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» демекші, ұзақ жылдар бойы Ақсуат кәсіптік техникалық училищесінің ағаш шеберханасында, ағаш ұстасы болып жұмыс істеген. Атамекенге оралғаннан кейінде бойға біткен өнерді тастамайды. Аудандық мәдениет үйінің оркестрі құрамында домбырашы және жеке әнші ретінде аудандық, облыстық деңгейдегі концерттерге қатысып өнер көрсетеді. 1986 жылдан бастап  өзі де күй шығару  өнеріне ден қоя бастайды. Сол уақыттан бастап балбармақ күйшінің тарихтың терең түкпірінен сыр шертетін ойлы да озық күйлері халқының жүрегінде бесіктей тербеледі. Талай қазақтың қаракөздері осы кісіге еліктеп күйшілікке ден қояды.

Күйлерінің арасында жан – жануарларға арналған – «Ерке күрең», «Қызыл жебе», «Жалғыз аққу», «Қара қаз»; дүниетанымдық ойға құрылған – «Ой толқыны», «Қайран әке», «Қосбасар»; болған оқиғаларға тыныс – тіршілікке байланысты – «Ана зары», «Серпін», туған жерге – «Қуаныш», «Бейбіт», т.б.; жер атауы сұлу табиғатқа – «Егіз қызыл», «Нарын» атты күйлері бар.

Қазен Әбуғазыұлы 2002 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ғылыми зерттеу лабораториясына өз орындауында 20 –ға жуық күйлерін жаздырады.

Артында қалатын  өшпес, өлмес мұралары бар өнер саңлағының күйлері  сарыны, құрылымы, орындалу мәнері жағынан Алтай – Тарбағатай  күйшілік мектебінің дара дүниелері деуге болады.

Мұрат Әбуғазының тартуында Қазен Әбуғазының күйі "Бейбіт"


ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ