ДАСТАН АҚАШ

24.10.2015, 20:27
926 рет қаралды

Дастан Ақаш – шығыстанушы, аудармашы, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы. Бизнес саласында көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Корей тілі мен ағылшын тілін меңгерген. Қазақстан мен Оңтүстік Корея елдерінің ең үздік жоғарғы оқу орындарында білім алған. Дастанның 2009 жылы шыққан «Ұлы сыншы» деген жеке жыр жинағы шыққан. Сонымен қатар басқа да «Таңғы шық» және «Аллаға мадақ» деген жыр жинақтарына енген танымал өлеңдері бар. Бірқатар ән мен термелердің авторы. Бүгін оның еш жерде жарияланбаған ән мен термелерін жариялап отырмыз.

Аманат болып жеткен жер

Бабадан қалған қарашы,

Қазақтың байтақ даласы.

Байлығы тұнған бақ мекен,

Батыс пен Шығыс арасы.

Иесі оның өзіңсің,

Қазақтың қара баласы.

Бәрінен қымбат ол саған,

Көзіңнің ақ пен қарасы.

Шығарма естен бір сәтте,

Жер деген ұлттың анасы!

Айрылса туған жерінен,

Жазылмас жанның жарасы.

Жер үшін әлі біткен жоқ,

Адамзаттың таласы!..

Ұғады оны айтқызбай,

Ұрпақтар биік санасы!

 

Жау тиіп есі кеткенде ел,

Еңсесін тіктеп кектенді ер!

Егеулі найза қолға алып,

Ереуіл атқа ерттелді ер.

Еңку-еңку жер шалып,

Жер түбінен жеткенде ер.

Еңірекейдің жазығы,

Есеміз біздің кеткен жер!..

Өзегін өртеп өкініш,

Кенезелері кепкенде ер.

Аңырақайда есе қайырды,

Өткенін арман еткенде ел.

Тарбағатай, Шорғада,

Төленді қан мен төккен тер.

Осылай бізге бабадан,

Аманат болып жеткен жер!..

Көк бөрілердің арланы,

Көп онда баба арманы.

Ел үшін, туған жер үшін,

Қай жерге олар бармады!..

Қанаттарынан қайрылып,

Қай сайда басы қалмады.

Бодандық дейтін зымиян,

Зиялыларымды жалмады.

Шейіт боп кетті бірі енді,

Түскенде соғыс салмағы.

Әділетсіздіктің құрбаны,

Қайраттай ердің ардағы!..

Ал бүгін нұрлы елімнің,

Арайлап атса таңдары.

Орындалғаны деп білем,

Бабаның асыл арманы!!!

Аманат болып жеткен жер. Орындаушы: Оспанов Нұрберген

Ғылымға мойныңды бұр, иманды ұрпақ

 

Батыр бабам, ержүрек тарлан бабам,

Мынау дала сендерден қалған маған.

«Қара қазан, сары бала» қамы үшін,

Жер түбіне болса да барған бабам.

Ат үстінде бел шешпей, жортқан кезде,

Осы күнді аңсаған армандаған.

Бабалардың сыйлаған бақытындай,

Арайланып атады таңдар маған.

 

Еркіндіктің сусындап бұлағынан,

Бодандықтың құтылдық бұғауынан.

Егемен ел атандық өз алдына,

Ел байлығын ежелгі мұра қылған.

Тыныштықты жақтаған бейбіт елміз,

Аластаған атомды тұрағынан.

Өркениет көшінде күтеді елім,

Көп жетістік білімді ұланынан.

 

Білімсіз жас ешкімге ұнамайды,

Ешкім одан жөн-жосық сұрамайды.

Білімді боп өссе ұрпақ заманға сай,

Онда ешқашан таулары құламайды.

«Өнер ғылым бар жұрттар» жайлы айтқанда,

Нұсқады Ыбырай оңыңнан туар айды.

«Ғылым таппай мақтан ба» деген сөздер,

Даралайды Аллаға құл Абайды.

 

«Мыңмен жалғыз алысқан» ғұламаны,

Бақытты ұрпақ бүгінгі ұға алады.

Ыбырай мен Ахмет, Мағжандардың,

Айтқандарын бәрі де құп алады.

Қаныш және Тоқтар мен Талғаттардың,

Өнегелі жолдарын қуа алады.

Ғылымға мойныңды бұр, иманды ұрпақ,

Елің ертең сен үшін қуанады.

 

Өркендеген ғылымның ғасырында,

Алға қарай керекпіз асығуға.

Ғылым бізде кенжелеп қалғандығы,

Ащы шындық келмейтін жасыруға.

Байқоңырда ғарыштың ғаламатын,

Тиіссіңдер жүзеге асыруға.

Елбасының үміті өздеріңде,

Жазылып жүр әр кезде басылымда.

 

Тәуелсіз ел тірегі өздеріңсің,

Ұға біл аға ұрпақтың сөздерін шын.

Білім менен ғылымға ден қоя біл,

Бақыт сонда бағдарың өзгерілсін.

Инеменен құдықты қазғанмен тең,

Ілім жолы қиын жол төзбегің сын.

Ұлы мақсат алайда адастырмас,

Күні ертең жетеді көздерің шын!

 

Ел жастары, ал кәне, елім деген,

Ғылымға нық қадам бас сенімменен.

Алтай менен Атырау арасында,

Шалқып жатқан байлығың сенің ерен.

Өзіңдікі барлығы өзің игер,

Адал еңбек, ақыл-ой, теріңменен.

Елдің қамын ойлаңдар Елбасындай,

Көгереді ел көгерсе ерімменен!!!

Ғылымға мойныңды бұр иманды ұрпақ. Орындаушы: Еділ Махмудұлы

Әлемді селт еткізген ерлер өткен

 

 

Жүрегін ел мен жері тербеп өткен,

Әлемді селт еткізген ерлер өткен.

Ақылғөй, әрі дана, әрі батыр,

Айтайын солар жайлы термелеп мен.

Естеми, Бумын және Елтеріс пен,

Білге есімі таныс қой елге көптен.

Күлтегін, Тоныкөктің ерліктері,

Аңыз болып бүгінгі бізге жеткен.

Ердің бірі ерен Ер Қорқыт бабам,

Қорқыт десе толғанып толқып қалам.

Дүниеге келерде күн тұтылып,

Бостан-босқа ел-жұртын қорқытпаған.

Ақын, сазгер, қобызшы әрі жыршы,

Өлмес өмір етіпті Қорқытты алаң.

Қорқыт бабам Қобыздың Атасысың,

Сарының кеп құлаққа толқып барам!

 

Ел шежіре ойласам аңыз далам,

Ол жеткізген қаншама аңыз маған.

«Жошы хан-Ақсақ Құлан» оқиғасын,

Еске алыңыз бабалар уағыздаған...

Кетбұғаның керемет ерлігі ғой,

Көмейіне қорғасын тамызбаған!

Домбырамның бетінде белгі қалды,

Қорғасыннан аман қап Аңыз адам!..

Әлемді селт еткізген даралардың,

Бейбарыс бірі біздің бабалардың!

Өзге елге ұлтан емес, сұлтан болған,

Бабама кімдер қандай тағалар мін?!

Ал бабам Асан қайғы желмаямен,

Жерұйықты іздеумен дараландың...

Сәулетші, ағартушы, әрі батыр,

Бекет ата, бірі ерек даналардың.

 

Керей хан, Жәнібек хан ердің ері,

Ересен еңбектерін ел біледі!

Қазақты қазақ етіп селт еткізген,

Әлемге қалды мәңгі белгілері!

Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан,

Бұлар да өз кезінің сеңгірі еді!

Есім хан, Салқам Жәңгір, Әз Тәуке хан,

Бәрі де қаракөктің теңбілі еді!

 

Сабалақ-Әбілмансұр-Хан Абылай,

Бұл құлын жаратқандай дара Құдай.

Орыс пен Қытайдың да тілін тапты,

Айлалы ақылы асқан жарағым-ай.

 

Біледі өнерлілер Әмірені,

Таңдантар таланты әлі мені.

Қазақтың қас өнерін Парижде,

Танытқан әлемге алғаш Әміре еді.

 

Әрқайсы бір-бір биік шынар маған,

Аңыз боп енді олардай туар ма адам?!

Ерлігі ертегідей таңғажайып,

Нәр алып, әр күн сайын құнарланам.

Отаны, тілі, діні, ұрпақтарын,

Ешқашан жүрегінен шығармаған.

Бабалардың өмірі ұрпаққа үлгі,

Оларды ұмытпайды ұлан далам!..

Әлемді селт еткізген ерлер өткен. Орындаушы: Клара Төленбаева


Ата-анаңды қадірле тірісінде

Замандас бауырларым ағаларым,

Қашанда маған бірдей бағаларың.

Бәріңнің білімің бар, білігің бар,

Жоғары жандарсыңдар саналарың.

«Алты алас, бес берес жоқ» өздеріңнің,

Келмейді жүрегіңді жаралағым.

Алайда әрқайсыңмен ой бөлісіп,

Мына бір жәйді келді саралағым.

Қарттардың үйіндегі толғандырды,

Тағдыры аталар мен аналардың.

Отбасы Отанымның бір бөлшегі,

Қалай шет одан сірә қала аламын.

 

Өксік кеп тамағыма кептеледі,

Осы ма бізге ағайын жетпегені.

Жұртыма жат басқа елден келген үрдіс,

Қашан біздің өмірден шеттеледі.

«Атанға туған күндер ботаға да

туады» бұрынғылар деп пе еді?!

Осы сөздің мәніне үңілсеңіз,

Дерің анық бабалар неткен еді!

Қазына қарттарым ай, мына бізге,

Сендермен бар жақсылық жеткен еді.

Қарттарын қадір тұтқан халық едік,

Қасиет бойдан дұрыс кетпегені.

 

Қайтарып өткеніңді, бағызыңды,

Ардақты ел таптың алтын қазығыңды.

Жолыңда жүріп өткен еңбегі бар,

Қадірле қарттарыңды-абызыңды.

Тоғышарды білмеймін, толғантады ол,

Атаға тартып туған нағыз ұлды!

Өйткені ата-ана асқар тауың,

Өтей біл алдыңдағы парызыңды.

Ол сені аялады, әлпештеді,

Көзінен таса қылмай әр ізіңді.

Меккені үш айналсаң өтей алмас,

Білесің мойыныңдағы қарызыңды!..

 

Мықтының жұрттан асқан бірісің бе,

Сәулетін ат тартпайтын ірісің бе?

Бәрібір парызың мен қарызың көп,

Ата-анаңды құрметте тірісінде!

Түн ұйқысын төрт бөлген сен үшін ол,

Ардақтай біл әрдайым сол үшін де.

Бүгін оған бұл ісі көрген түстей,

Айта алмайды айтары тіл үшінде...

Қайран біздің қариялар баласының,

Қабағына қарайды күні үшін де.

Сондықтан да ағайын тәубаға кел,

Көрсоқыр көкірегің жібісін де!..

 

Ойлансаң бір сәт ата-аналарың,

Кешегі қорғандарың, паналарың.

Ұмытып соның бәрін ренжітіп,

Жүрегін қанша рет жараладың.

Сенің де қартаярың айдан анық,

Дұрыс қой соны ойланып қарағаның.

Тіліңмен тым құрмаса көтермеле,

Келмей ме соған тіпті шамаларың?

Кәрі қойдың жасындай жасы қалған,

Қарт еңбегін ағайын бағалағын!

Үрдісі үлгі болмас мына бізге,

Еліктеп Европаға қарамағын!..

Дәстүр туралы

 

Дәстүрі өлген ұлттар жоғалады,

Бәрінен мақұрым боп тоналады.

Шымырлап төбе құйқаң ойласаңыз,

Ойыңа өткен өмір оралады.

Кеңестің кезіндегі түседі еске,

Келмеске кеткен күндер зобалаңы.

Кез болған кер заманның кесірінен,

Толықтай тазарған жоқ қоғам әлі!..

 

Тәуелсіз ел болмасам қайтер едім,

Тағдыры не болар ед байтақ елдің?!

Аңсаған еркіндіктің таңы атты да,

Өмірге қайта туып, қайта келдім.

Жаңғырды қайта түлеп дәстүрім де,

Қауышып қазынамды қайта көрдім.

Келеді бір Аллаға разылықтан,

Күніне мың шүкірлік айта  бергім!

Уақыт көтермейді кешігуді,

Қабылдау керек шұғыл шешіміңді.

Береке аттады алтын босағаңнан,

Бақытқа айқара ашып есігіңді.

Ағайын етек-жеңді жинастырып,

Ел болам десең түзе бесігіңді.

Өзіңнің бай дәстүрің тұрған кезде,

Ашық-шашық жұрттардың несі үлгі?!

 

Қоғамның дертіне кім үңіледі,

Құлазып кейде көңіл түңіледі.

Байқасақ ел ертеңі өркенді ұрпақ,

Бесіктен белі шықпай бүлінеді!..

Ұлттық дәстүрімен сусындамай,

Көбіне «көк жәшікке» үңіледі.

Көретіні қылмыс пен атыс-шабыс,

Бұл енді тәрбиенің ірігені!..

 

Мұнымен ұрпақ қайтып көгереді,

Жат елдің жат дәстүрі не береді?!

Жастарды желіктіріп, еліктіріп,

Құйындай қоздырады делебені.

Тас жүрек, тәуекелшіл шығар содан,

Силамас шаңырақты, керегені!..

Ұрпақтың қамын жеген халықпыз ғой,

Қоғамның бұл жағын жөн елегені.

 

Көңілің су сепкендей басылады,

Шындықты қалай ақын жасырады.

Өз тарихын қадірлемей кейбір жастар,

Атауға «Валентинді» асығады.

Тұрғанда «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»,

Тамырсыз махаббатқа бас ұрады.

Дәстүріміз ғажайып «Беташармен»,

Ай жүзі келіндердің ашылады.

Ендеше өзгелерге еліктемей,

Шырқалсын шын ғашықтың асыл әні!..

 

Ілікпей дінсіздердің жебесіне,

Құлақ сал ағайын жұрт кеңесіме.

«Шаян» мен «кесірткенің» суретін сап,

Кейбір жас мәз болып жүр денесіне.

Басқалар құздан құлау ерлік десе,

Япырмау, көзсіз ере бересің бе?!

Өзгенің ойлағаны азғындату,

Шығармау өркениет белесіне!..

 

Ұмыт боп айдар менен тұлымымыз,

Кесілді «Карие» боп бұрымымыз.

Жас отау бүгін тіккен ертең құлап,

Шаңырағын көтермей жүр уығымыз.

Көбейді күннен күнге тастанды ұрпақ,

Тірі жетім қаракөз құлынымыз.

«Бесік жыры», «Бәсіре» деген ғажап,

Жоғалып бара жатыр ұғымымыз.

 

Айтпасам ағайынға кінә менде,

Мәңгілік сыр шертеді Құран елге!

Дәстүр білмес дүмшелер көбейген соң,

Дос болдық арақпен де, сырамен де.

Төс қағысу орнына әдет шықты,

Стакан қағысатын құдамен де.

Қу арақ аздырарын, тоздырарын,

Ойлай ма жұмыр басты, мына пенде?!

 

Құрметтеп апа менен атаны біз,

Сұрауды ұмытпаймыз батаны біз.

Бірақ та бата қабыл болар ма екен,

Араққа малынса егер сақалымыз.

Дәстүрді дәріптеудің орынына,

Жатады дәріптеліп атағымыз.

Абылай Еспенбетті қадірлеген,

Қолдан-қолға өтіп жүр шапанымыз.

 

Өзге жүрт көп нәрсеңе қызығулы,

Ұрлауда ою-өрнек-сызуыңды.

Қырғыздар көкпарың меншіктесе,

Немістер пәтенттеді қымызыңды.

Қытайлар төбетіңді менікі деп,

Қолды болып жатқаны-ай біздің үлгі!

Өзінікін менікі дей алатын,

Тәрбиелеу керек-ау, қыз-ұлыңды!

 

Сіңіріп жеті атасын құлағына,

Ұғындыр ел тарихын ұланыңа.

Естеми, Бумин, Білге, Елтерістік,

Күлтегін, Тоныкөктік мұраны да.

Ағайын, ұрпағымыз біліп жүрсе,

Айналар Томиристей қырағыға.

Сонда ол ие болар дәстүрі мен,

Өзінің қасиетті тұрағына!

Дәріптеп ата-салтын жаңғыртады,

Айналып қырмызы қыз, қыранұлға!!!

 

Не жақсы, не жаман

Домбырамды қолға алып,

Пернесін жайлап басайын.

Көтеріп күйін көңілдің,

Толғанып біраз тасайын.

Жақсы мен жаман жайында,

Көкірек көзін ашайын.

Сөзімді тыңда ағайын,

Жырменен шашу шашайын.

 

Артық емес білгенің,

Жақсы мен жаман немене?

Жаманды тастап біреулер,

Жақсыны әкеп бере ме?

Жамандық деген әуестік,

Көргенде қозар делебе.

Жақсыға талпын ондайда,

Жамандықты елеме.

 

Жақсылар дәйім байқасаң,

Барына тәубә етеді.

Алдамшы мына дүние,

Қуалап оны не етеді?!.

Ал жаман оны көргенде,

Құнығып мүлде кетеді.

Жаманның жаман әдеті,

Тойымсыз пенде екені.

Білімді әрі білікті,

Жақсы адам арлы келеді.

Өз ісіне әрдайым,

Алаңсыз олар сенеді.

Жамандар үйір ғайбатқа,

Өсектен молдау дерегі.

Жал біте қалса жолатпай,

Жанынан жұртты тебеді.

 

Қанағат, ынсап, ізгілік,

Жақсының сабыр серігі.

Ерекшелеп тұрады,

Уәдесіне берігі.

Жамандардың болмайды,

Ешқашан жұртқа сенімі.

Қартайғанша басылмас,

Нәпсі құмар желігі.

 

Жақынға да, жатқа да,

Жақсының алды кең болар.

Тілдесе қалсаң жақсымен,

Терезеңіз тең болар.

Жаманға жақын келсеңіз,

Кердеңдеген кер болар.

Жақсылығы сатулы,

Қылған қайыры сел болар.

 

Жақсының жайсаң мінезі,

Түсі жылы біл мұны.

Жебейді, жетім, жесірді,

Мүсәпір менен мұңдыны.

Жаманның жаман әдеті,

Содыр мінез, сұмдығы.

Тасыр, шайпау, сумақай,

Жүреді бірге ұрлығы.

Ақылға сап жас толқын,

Жақсыдан ыбырат алыңыз.

Иманды да, ибалы,

Болсын алған жарыңыз.

Жолдас қылма жаманды,

Төгіледі арыңыз.

Жақсы жаман жайында,

Осыны ұғып алыңыз!..

sal-seri.kz

ПІКІРЛЕР

    • THmwFkJtkX
    • 12.03.2017

    You Sir/Madam are the enemy of confusion evweheyrre!

ПІКІР ҚОСУ