ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҚЫ ҚАЗДЫҢ ДАУЫСЫ ЕДІМ...

24.10.2015, 21:15
444 рет қаралды

41263bf0327746c555c33498cd2372b9

(Қазақтың тұңғыш бард әншісі,
ақын марқұм Табылды Досымовтың
50 жылдығына орай)

Бұрынғы қазақ дәстүрінде дүние салған адамның жылдық асына құйрық-жалы күзелген тұл ат сойылып, бар кәдесі өткеннен кейін босағадағы найзаға ілінген қара байрақ түсіріліп, ел бұрынғы тіршілігіне қайта оралып, өмір көшіне ілесіп кетуші еді ғой. Сол тәрізді біз де Алланың әміріне бас иіп, Табылды жоқтап, күңіренуді саябырлатып, оның мұрасын өміршең етуді қаузай бастадық.

Бір кезде Расул Ғамзатов: «Алтын балық бәрін бергенде, талант бере алмайды. Берер еді-ау, бірақ бұл ғажап қасиет оның өзінде де жоқ. Оны ешкім бере алмайды, ешкім тартып ала алмайды. Тек талант боп туу керек», – деген еді.

Ендеше, шын талантқа дауа жоқ қой!

Бір қарағанда, Табылдың өмірден ерте кеткені болмаса, өнерін қастерлеушілерге өкпесі жоқ сияқты.

Ел ішінде кәсіпкер азаматтар екі рет «Ұнатамын мен сені», «Табылдың әні» деген ән дискісін, «Ұнатамын мен сені» атты – әндер, «Жанарымның жарқылы» дейтін өлеңдер жинағын шығарып беруі, дарынына тәнті болғандар Ақтөбеде, Қарағандыда, Ақтауда, Астанада, Құлжа қалаларында еске алу кештерін өткізуі, өнернамасын насихаттайтын арнайы қор құрылуы, Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетовтің белгілі журналист Серік Жанболатовтан әндер дискісін сұратып алдыруы, ұлттық өнер жанашыры, кәсіпкер Бижан Қалмағамбетовтің бард-әншінің зиратын тұрғызуы, осы Бижанның «Айқын» газетіндегі сұхбатын оқығаннан кейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қамқорлықтарын айтпай кетсек күпірлік болар.

Интернетте Табылға арналған арнайы сайт ашылды, қайтыс болғанда Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Иманғали Тасмағамбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетов тәрізді белгілі тұлғалар, жүздеген өнерсүйер қауым қатты қайғырып, көңіл айтқаны оның қадірін бұрынғыдан да арттыра түсті.

Баяғыда Дәулеткерей қызылғұрт руына сұлтан боп тағайындалып келгенде, ең әуелі абақтыда жатқан дәулескер күйші, сол кезде қартайып қалған Мүсірәліні іздеп таптырып, алдына алдырып, қолындағы кісенін шештіріп, домбыра шерткізіпті.

Сол сияқты, Иманғали Тасмағамбетов те Атырау облысына әкім болған кезде Табылдың өнеріне тәнті болып, екінің бірінің қолына түсе бермейтін қымбат гитара сыйлауы ғанибет емес пе?

Қазір ойлап отырсам, бард-әншінің бағын ашқан кезең – Алматыда өткен мезгілдері, әсіресе Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде оқыған жылдары болса керек. Өйткені оның ең танымал әндері осы тұста туды. Бір жатақханада тұрған Бауыржан Үсенов, Бауыржан Омаров, Бауыржан Жақыпов, Әбубәкір Смайылов, Светқали Нұржанов, Гүлнар Салықбаева, Серік Жанболатов тағы да басқа өнерлі қыз-жігіттер үлкенді-кішілі боп бірге жүріп, бір оркестр секілді сырласа, үндесе жүріп, сан жанрда жарыса қалам тербеді.

Табыл – қазақ әнінің тарихынан мол мағлұматы бар эрудит сазгер, жырау. Оның әуезінен байырғы серілер заманындағы қазақ әнінің биік рухы сезіліп тұрады. Сонымен қатар терең сағыныш, ел алдындағы жауапкершілік, перзенттік борыш, мұңлы сезім, тәкаппар намыс атойлайды.

«Өнерпаз болсаң – өр бол», – деп Біржан айтқандай, Табыл да тіршілігінде өнерін қақпақылға салғысы келгендерге қасқая қарсы тұрып, мәймөңке, жәреуке, жалбақтау дегенді білмей-ақ өсті.

Владимир Высоцкий еркін әрі салқам туындыларымен қатар, әскери, спорт тақырыптарына, тіпті кино, театр, мульфильмдерге арнап әндер жазды. Ол тек тапсырыспен жазуға жан-тәнімен қарсы еді. Әйгілі бард-әнші Роман Кармен түсірген Чилидегі төңкерістің жеңуіне байланысты фильміне үгіт-насихат жайындағы ән жазудан қыруар гонорарына қарамай үзілді-кесілді бас тартты. Табыл Досымов та осы өнерпаз ағасы сияқты ешқашан біреуді жарнамалап немесе тапсырыспен ән жазудан аулақ жүретін еді.

Университетті тамамдаған бард-әнші Атырауға аттанды. Табылдың кеңестік жүйеге деген ширыққан айбын, саяси уытқа толы эллегия, толғаулары, мәтіні мен әуені бірін-бірі асқақтатқан әсерлі әндері туған жерде туды. Табаны жерге тисе күш алып, дес бермей кететін Антейдей, Табыл да атамекенде ерекше шабыт құшағында қалқып ғұмырлы туындылар қалдырды.

Бұрындары қазақтың болайын деп тұрған жігіттері өздерінің өнерін, бағын сынату үшін аруақты билердің алдына келетін дәстүр болған. Батырлығы мен билігі алты алашқа әйгілі Сырымның Алдар биді іздеп келіп, өзін сынатуы – соның айғағы. Осы салтты қастерлеген Табыл да сонау Атыраудан Ұлытаудағы тұңғыш гитара сызылтқан Қорабай Есенов ағасын іздеп барып, бата алуды да ұмытқан жоқ.

Ерекше қадап айтатын бір жайт – дарынды адамның генетикалық фоны таза болуы шарт. Егер оның бойында антропологиялық деңгейде рух мәдениеті, ар-намыс ұғымы, ел-жұртын сүю қасиеті болмаса, оның туындысының нәрі кем, құны шамалы. Табыл – осыны ерте түсінген өнерпаз.

Өзі дүниеден өткеннен соң адамдар санасында жақсы атпен қалғанды қатты қадағалаған бард-әнші өз туындыларын түп-түгел сүзгіден өткізіп, ұнамағандарын  өртеп жібергенін көзіміз көрді. Әннің парқы мен нарқын, киесін қастерлеген қайран сабазым-ай!

Иә, патша мен пақырдың, бағлан мен бейшараның, министр мен мүсәпірдің жүрегіне бірдей ұялайтын ән жазу қайдан оңай болсын?! Ол қайда жүрсе де, Иманғали сыйлаған сүйікті аспабын қолынан тастамайтын. Сағынып жолыққанда, аман-саулық сұрасып, шай ішіп, көңілі жайланғаннан кейін жуан саусақтары жарыса билеп, сыдырта ойнап, гитара пернелері әсем әуендерді сыңсыта төгетін.

Бүгінде адамдар парықсыздықтан, байлық қуудан, түрлі эксперименттерден, жүйкені жейтін даңғаза музыкалардан өлесі боп қалжырады. Енді олар саф тыныштық, рухани тазалық, ойлы әуендер іздеуге көшті.

Міне, осындай жандарға Табыл әндері таптырмас серік боларына күмән жоқ.

Оқыра тиген өгіздей құйғытып бара жатқан уақыт шіркін ырғалып-жырғалуды қаламайды екен. Табыл жырау қайтыс болғаннан кейін қолға алынған шаруаның бүгін тамамдалғанына да шүкір деп отырмыз.

«Із тастап аққан бір жұлдыз» атты естеліктер кітабына Табылдың көзі тірі кезінде жарық көрген «Ұнатамын мен сені» атты әндер, «Жанарымның жарқылы» деген өлеңдер жинағы, әр жылдары баспасөзде жарияланған сұхбаттары, жарық көрмеген жаңа өлеңдері, замандастарының ойлы естеліктері, көңіл айтулар мен түрлі фотосуреттер топтастырылды. Табылдың жайсаң тұлғасын әнсүйер көпшілік осы кітаптан танып біледі деген ойдамыз.

Бұл аманат еңбектің жарық көруіне дер кезінде көмек қолын созған Рахымғали Абрарұлына мың да бір рақмет!

Бір кезде К.Чуковский: «Антон Чехов өлгенде артында әлемге әйгілі жиырма томдық шығармалары, бүкіл қала сусындауға жететін бай кітапханасы, ескі қоңырау және тамаша екі бағы мен мүлгіген тоғайы қалды», – деп жазып еді.

Сол сияқты Махамбет бабасының қасында мәңгі ұйқыға кеткен Табылдың да артында өнерін өрістететін ұрпағы, мәңгі өлмес әндері, аяулы дарынның арқыраған бейнесін сомдайтын осы бір ғұмырнамалық кітап қалса, аз дүние емес қой!

Биыл көзі тірі болса ақын, қазақтың тұңғыш бард-әншісі Табыл Аяшұлы  елу жасқа толар еді.

Ендеше, ақтық тынысы біткенше көмейіне тыным болмаған тарлан өнерпаздың бақилық ғұмыры ұзақ болғай!

Жұмабай ҚҰЛИЕВ 
Жұлдыз журналы

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ