МӘДІ ТУРАЛЫ МӨЛТЕК СЫР

02.11.2018, 8:47
191 рет қаралды

Қазақ жұртының ежелден қоныс тепкен, талай қиындықта елге пана бол­ған қасиетті Қаратау өңірі дүлдүл ақын-жыр­шылар мен күйшілерден кенде болмаған. Ұлтымыздың дәстүрлі өнерінің – Қаратау күйшілік, жыр­шылық мектебінің жалғас­тыру­шысының бірі Мәді Шәутиев (1909-1993) еді. Оның шығармашылығы жайлы Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, Ілия Жақанов, Уәли Бекенов, Абдулхамит Райымбергенов, Жанғали Жүзбай, Мұрат Әбуғазы, Базарлы Мүптекеев, Саян Ақмолда сынды фольклортанушы-зерттеушілер мен композиторлар әр жылдары әртүр­лі баспаларда мақалалар жариялады. Соған қарамай, Мәді күйші туралы мәлімет әлі де жалпы көпшілікке жақын таныс емес. Тіпті, оның есімін ол дүниеге келген, бүкіл саналы өмірін өткізген Қара­тау өңірінің азаматтарының бірі білсе, бірі білмейді. Өйткені оның шығармасын бұл күндері дәріптеп жүрген адамдар некен-саяқ.

Мәді Шәутиев 1909 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Саудакент (Байқадам) аулы­ның жанындағы Игілік елдімекенінде дүниеге келген. Ұлы жүздің Байдібек бабадан тараған Ыстының Тілік руының ұрпағы. Табиғат берген дарын иесінің тағдыры жеңіл болмапты. Әкесі Шәути ерте өмірден озып, Шәлібек атасының қолында өсіп, жетіледі. Туғанынан зерек болып өскен ол алты жасында арабша хат танып, шебер қолдары домбыра мен сырнайды меңгеріп, нақышына келтіре терме мен әндер орындай бастайды. Жігіттік шағы 1930-1933 жылдардағы ашаршылыққа дөп келіп, одан кейінгі 1941-1945 жылары болған Ұлы Отан соғысының шарпуы жас Мәдінің өмі­ріне елеулі әсер етті, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Он алты жасында шешекпен ауырып, екі көзден айырылып, зағип болып қалады. Кездескен қасіреттің барлығы жиыла келе жүрегін жаралап, шығарма­шы­лығына әсер етпей қоймады. Өңірге аты шыққан Қосқұлақ Пірімбет деген күйшіден тәлім алды. Пірімбет күйшінің кім болғаны туралы дерек жоқ, тек «Қосқұлақ» деген оның ел-жұрт қойған лақап аты екенін білеміз. Ұстазы оған күймен қатар жыршылық өнерді де үйреткен, соның арқасында жеткіншек Мәдіні қалың елі қисса-дастандарды мол білетін жыраулығымен де танылған. Зар заманның зардабына ұрынып, өмір қиындықтарының өткелінен өткен Мәдінің күйлерінен, жыр-термелерінен сол ауыр кезеңдер мол орын алды. Айтушылардың сөзіне сенсек, ол отыздан астам күй шығарып, ел ара­сында сазгер-күйші ретінде Қаратау өңірінде танылды. Уақыт келе ауыл төңірегіндегі той-томалақ, жиындар Мәдісіз сирек өтетін болды. Қолына қоңыр үкілі домбырасын, немесе гармонын алып дүйім халық алдында күмбірлетіп күй шертіп, төгілтіп ән айтып, шеберлігімен елді тәнті етті. Қаратаудың сілеміндегі екі тау өзеннің арасында орналасқан шырайлы мекен Ақтоғай ауылына қоныс аударып, Ұлтай деген келіншекпен отасып, бір шаңырақ астында 25 жыл ғұмыр кешеді. Бірақ Игіліктегі ағайындары қолқалап Мәдіні туған ауылына кері оралтады және қалған өмірі сол ауылда өтеді. Жұбайы Ұлтай Ақтоғайда қалып қояды да, ол екінші рет Кәрима деген әйелге үйленіп, одан Гүлзипа және Тұрсын деген екі қыз дүниеге келіпті. Тұңғышы Гүлзипа 13 жасында ақ қан (лейкоз) ауруына душар болып, көп ұзамай сол дерттен көз жұ­мыпты. Бұл қасірет сазгерді қамық­тырып, санасына жүк артып, жүрегін жаралап, ауыр мұңға бөлейді. Сөйтіп, сүйікті қызының қазасы күйші-тер­мешінің «Зар қосбасар» күйінің шығуы­на себеп болады. Мәдінің өмірлік серігі болған домбыра мен сырнайы өл-өлген­ше қолынан түспей өткен екен. Ол той мен асқа қатысқан атақты өнерпаздармен бірге болып, көзі көрмесе де өнер дода­сында талай жүлде алып, жұртқа таны­лады.

Мәді Шәутиев Қаратаудың етігіндегі Созақ өңірінде өмір кешкен ауылы аралас, қойы қоралас шертпе күйдің ше­бері, күйші Сүгірмен, өнерпаз-жыршы, қобызшы Сағынтай Елепанұлымен, күйші-домбырашылыр Төлеген Момбековпен, Әйкен Қоңырбайұлымен және де басқа жыршы-күйшілермен қадірлес, сырлас әрі шығармашылық байланыста болып, өнерін ұштаған.

Дала композиторы атанған Мәді күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Шығармалары философия­лық түйіндерімен астасып жатады. Музыка тілі көңілге қонымды, тез жат­тал­ғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Домбырашының күйле­рін­дегі лирикалық сарындар, әуен тол­қын­дары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын бей­нелейді. Біраз күйле­рінде зар замандағы халықтың мұңы мен қасіретін, өмірден торығу, мұңая толғану, іштей мүжіліп, таусыла тебірену сарыны бел алып жа­тады, күйші оларды шебер суреттейді. Ол Ықыластың, Қорқыттың қобызбен орындалатын бір топ күйлерін домбыраға түсірді, кейінірек олардың біразын радиоға жаздырды.

Дәстүрлі музыкалық өнердің ай­шықты тұлғасы Мәдінің талантын тауып, күйшілік мұрасына алғаш зерттеу жүргізген белгілі композитор, жазушы Ілия Жақанов пен түркітанушы ғалым, академик Мырзатай Жолдасбеков екен. М.Жолдасбеков күйшіні Алматыға шақырып, игі жақсылардың алдында Мәді күй шерткен, жыр айтқан. Мәдінің күйлерінің радиодан, күйтабақтардан естілуі осы уақыттан басталады десек болады. Оған дейін күйшінің дауысы Алматыға жетпеді, дүйім халық таны­мады, Мәдіні тек өз айналасындағылар ғана білді.

М.Жолдасбековтің «Күндерімнің куәсі» атты мемуарлық кітабында мына­дай естелік жолдар бар: «Сарысудан өлең­ші, жыршы, күйші Мәдінің (Шәутиев) келуі де ылғи оқиға болушы еді. Шіркін-ай, өнерпаз еді. Кейін 1972 жылы Мәдіні, ақын Төреқожаны Жам­былдың 125 жылдық тойына Алматыға алдырып едім. Біздің үйде екеуі бір ап­та­дай жатты. Алматының теледи­да­ры­на да шығардым. «Астра» дейтін магнито­фоныма екеуін де жазып алып едім. Сол жолы біздің үйде таңға дейін отырып сол «Астраға» Төлеген Момбековті де жазған едім. Үйсіз-күйсіз, көшіп-қонып жүргенде, әттең, еңбегім рәсуа болды. Мәді де, Төреқожа да менің өтінішім бойынша Қаратаудың ескі әуендеріне салып еді. Амал не, бәрінен де айы­рылдым. Төлегенмен бірге Өмірзақ Айтбаев, Керімбек Сыздықов келіп, Төлеген өз күйлеріне түсініктеме беріп отырып тартып еді. Сүгір де, Әйтпенбет те, Төлеген де тырп етпей, тапжылмай отырып тартатын. Кеудесі сөйлеп тұрғандай көрінуші еді маған…».

Осы кездесу барысында Мәді Жамбыл тойында дүркірете күй тартып Алматының зиялы қауымын тәнті етеді. Оның орындауында халық күйлері үнтаспаға жазылады. Мәді күйші ауылында тұрғанда жағдайы орташа болған көрінеді. Сарысуға арнайы іс-сапармен келген сол кездегі Орталық комитеттің арнайы өкілі Мырзатай Жолдасбеков оның құбатөбел тіршілігін көрген соң, жер­гілікті басшылардың алдына мәселе қойып, Мәдіге Игілік аулынан жаңа баспана салдырып береді. Жергілікті атқа­мінерлерге күйшіге қамқор болуды тапсырады. Дарабоз талант иесі Мәдінің өмірін­дегі жарқын кезеңдер күй зерттеуші ғалым Уәли Бекеновпен кездескен уақыттарда болды. Марқұм Уәли Бекенов оның күйлерін жазып алды, нотаға түсірді. Арнайы очерктер жазды, радиода кең насихатталуына ықпал етті.

«Тума талантының арқасында дала күйшілерінің ортасында Мәді абыройлы болды, оның күй тарту өресі өз тұрғы­ластарымен салыстырғанда, шынында биік еді. Себебі, ол жаңа заман үнімен қатар көне күйлерді де өз бойына көп сіңірген болатын. Оның репертуары мол, ерекше музыкалық қабілет-зейіні бар екені шындық» деп жазады күйші, өнер зерттеуші ғалым Жанғали Жүзбай («Егемен Қазақстан», 4 маусым 2018 жыл).

– Мәді күйшімен Қаратау бөктерін­дегі Ақтоғайда бала кезден көп жыл көрші тұрдық. Ес білген жас кезімізден оның орындауындағы «Желдірме», «Кесенкөк», «Қоңыр» және де басқа сырлы күйлерін құлағымызға құйып, жыр-термелеріне қанығып өстік. Кейде Алматыдан ауылға демалысқа келген жерлесіміз сазгер, жазу­шы Ілия Жақанов Мәдіні атқа қондырып, Көкжон өңірін­дегі жайлаудағы ел-жұртты асықпай аралататын. Менің әкем Мелдебай аракідік үш атты ерттеп, әлгі ағаларға мені де қосып жіберетін. Барған жері­мізде жұрт өнерпаз Мәді мен Ілия ағаны құрметпен қарсы алып, мал сойып, қазан көтеріп, ауылдастарын дастарқан басына жиып, ұзақ күн-түн ре­пертуары кең Мәдінің өнерін тамашалап, жан ра­ха­тына бөленетін. Мәдінің біраз күй­лерін, жырларын ізденімпаз І.Жақанов сол жылдары магнитофонға жазып жүргеніне куәгерміз. Олардың біразын республикалық радионың «Алтын қорына» жаздырып, ара-тұра орындатып жүрді. Өңір халқының алдында өнер иесі Мәді абыройлы болды, той-жиынның, астың гүлі еді. Оның күй тарту өресі, жыр, ән-терме айту мәнері ерекше еді. Мәдінің бойындағы музыкалық дарын Алланың берген, туа біткен ерекше қасиет болатын.

Осы жерде айта кеткеніміз жөн, екі көзінен зағип болған Мәді 70 жастан асқан шағында Рахымбай деген туы­сының үйіне қонаққа барады. Мәдінің тізесінде еркелеп отырған Рахымбайдың кішкентай немересі абайсызда оның көзін тырнап алады. Құдайдың құдіреті емес пе, сол сәтте күйшінің көзі ашылып, жана­рында табан жолын көре алатындай саңылау ашылады. Өмірінің соңғы жылдарында туыс інісі Өмірзақтың ұлы Қуанышбекті ол қолына алады. Мәді қария өз шаңыра­ғында 85 жасында, яғни 1995 жылы дүние салды. Күйшінің қызы Тұрсын қазір сол Сарысу ауданының Игілік аулында тұрады. Оның айтуынша, Мәді атаның сырнайы және де басқа құнды жәдігерлері оның отбасында сақтаулы екен. Домбырасы Алматыда тұратын жиенінің қолында тәбәрік ретінде сақталуда.

– Халық жыршысы, термеші, кемең­гер күйші Мәді Шәутиевтің өлмес өнерін қадірлеп, ел-жұртқа жеткізіп, жерлес­терінің мақтанышына айналдырып, оның бейіті басына белгі қою – біздің парызымыз. Жерлесіміз, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы таяуда елге келгенінде күйшінің басына белгі қоюды қолға алатын болыпты. Жалпы, ел қол­дайтын, өте орынды ой, жағымды іс-шара, – дейді бұл күндері Астана қала­сында тұратын еліміздің құрметті құры­лысшы-инженері, «Құрмет» орде­ні­нің иегері Жамбыл Мелдебаев.

…1975 жылы маусым айында Қаратау жотасындағы Көсегенің Көкжонындағы туған ауылым Үшбаста үйлену тойым болды. Ол кезде қазіргідей тойхана, мей­рамхана деген мүлдем жоқ. Той-томалақ ауылда, үй ауласында өткізілетін. Сол дәстүрмен әкем өз қолымен отырғызған алма бақ ішіне бірнеше киіз үй тігіліп, дастархан жайылды. Ордабек көкем сол тойға Мәді жырауды кісі жіберіп арнайы алдырып, екі тәулік қонақ етті. Мәді қария қолына сырнайын алып шабыт­тана жыр-шашуын төкті, ара-арасында күйлерге кезек беріп, тойға жиналған жұрттың көңілін аулады, терме-жырлармен жүректерді тербеді. Құда-жекжаттар өнер саңлағын күн-түн демей ортаға алып, оның жалынды термелері мен күмбірлеген сарынды күйлерін тыңдап, талантына риза болға­ны күні кешегідей есімде.

Жергілікті сарысулық жазушы Пер­небай Дүйсенбинмен бір кездескенімді Мәді туралы сөз өрбіді. Сонда ол: «Бұрындары жезтаңдай әнші» дегенді естіп, ол қандай болады екен деп ойлап жүретінмін. Бірде Мәді ағаны өз көзім­мен көріп, құлағыммен оның төгілте салған терме-жырларын естіп, шы­нымды айтайын, таң болдым. Жарат­қанның берген осындай талант иесі еке­нін мойындап, шын тәнті болдым. Дауыс ырғағы қандай керемет жарық­тықтың. Домбыра мен сырнайын кезек-кезек қолға алып ән төгілткенде басқа бір әдемі жыр әлеміне еніп кеткендей сезінесің. Ғажап дауыс, керемет орындау шеберлігі бар ондай өнерпазды әлі күнге кездестірген емеспін», – деп сүйсіне ойын жеткізіп еді.

Сазгер, жырау Мәді Шәутиев туралы зерттеуші Уәли Бекенов былай деп пікір білідіріпті: «Оның қолы жүрдек, асқан домбырашы, шертпе күйдің шебері. Кішкентай қолдан жасалған қалақша қоңыр домбырасының үні ашық, тілі анық шешен аспап. Мәді – көне мұраның көзі. Мәдінің репертуарында халықтың асыл қазынасына жататын, халық күйлері «Қара жорға», «Боз айғыр», «Тепеңкөк», «Ақжелек», «Қазан күйі», «Жау қарға», «Алты қойдың дауы», «Сабау күйі», «Ілебайдың баласын жоқ тауы», «Ақсақ қыз» және тағы басқа күйлер және Ықылас, Сүгірдің бірнеше күйлері бар» (У.Бекенов, «Күй табиғаты», Алматы, «Өнер» баспасы, 1981 жыл, 83-бет). Со­лардың бір тобын Мәді «халық күйі», – деп кезінде радиоға өз орын­дауында жаздырып, халыққа жеткізді.

Мәдінің көп күйінен Қаратау күйшілер мектебінің жалғасы екенін аңғармау мүмкін емес. Сонымен қатар оның күй­лерді орындау мәнерінен жетісулық өнер иелері Тілендінің, Жамбылдың, Кененнің ырғағы сезіліп тұрады. Қазақтың шертпе күйін жаңа белестерге көтерген Мәді шәкірттен де кенде болған емес. Абыл мен Дабыл Ажақаевтар, Боранқұл Қошмаған­бетов және Бексейіт Тұрсынбековтер үзеңгілес өнерлі күйшілер болып, біріне-бірі қолдау көрсетіп, тәлім-тәжірибе ал­масып отырған.

Қазақтың иен даласы мен Қаратаудың беткейлері мен аңғарларын шертпе күй­мен күмбірлеткен, төкпе жыр-тол­ғауларға бөлеген халқымыздың ардақты өнерпаз тұлғасы – Мәді Шәутиев мұрасы әлі түгелденді, елге жетті деп айтуға бол­майды. Жеке үнтаспасы мен күй жинағы қолдаушысын тауып, соңғы кезге дейін шыққан жоқ. Бірен-саран күйлері ғана нотаға жазылды. Өкінішке қарай, әлі де оларды қомақтап кәсіби оқыту тәжіри­бесіне енгізу жұмысы болашақтың ісі болып қалып отыр. Ел арасында, Қаратау өңірінде Мәді күйшінің аузынан шыққан жыр, қисса, дастандардан үзіктер, өз жанынан шығарған термелері сиректеу болса да кездесіп қалады. Болашақта соларды жиып, зерттейтін арнайы топ құрылып жатса, игі іс болар еді. Заманының дәулескер күйшісі атан­ған Мәді Шәутиевтің тек оның өскен аймағының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы, ортақ тұлға деп қабылдаған жөн. Оның бізге жеткізген күйлері өзіндік шежіресімен, ұлыстық ірілігімен құнды болып қала бермек. Егер келер ұрпақ халық өнерінің қасиетін танып, білген­дерін көпшілікке жеткізіп жатса, артық болмас еді деген ойдамыз. Келер 2019 жылы лайықты бағасын ала-алмай жүрген жыршы-күйші Мәді Шәутиевтің туғанына 110 жыл толады. Сол мерейтойына байланысты осы бастан іс-шаралар жоспарлап,оның атындағы күй мерекесін өткізіп, есімін дәріптеп аудан орталығы Жаңатастың бір көшесіне беріп, Мәдениет сарайы­ның алдына бюстін қойса, артық болмас еді. Аталған іс-шаралардың бәрі бүгінгі ұрпақтың көрнекті күйшінің көзін көр­месе де, өзі тартқан күйі секілді аңыз­­ға айналған өмірін, музыка тарихы­мызда жасап кеткен қызметін танып, оны жо­ғары бағалап-түйсінуінің нәтиже берері сөзсіз.


Сағындық ОРДАБЕКОВ
дәрігер-хирург, 
МҒД, профессор 
Тараз қаласы

Айқын газеті

 

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ