Еділ Басығараев: "Бақыт Басығараев атындағы күй байқауы алғаш рет өтейін деп тұр"

06.11.2018, 9:43
368 рет қаралды

Бақыт Басығыраевтың есімі күйші қауым ішінде белгілі тұлға. Қазанғап Тілепбергенұлының күй мұрасын бізге жеткізе білген бірден бір өнерпаз. Жақында «Бақыт Басығараев атындағы күйшілер байқауы» өтеді екен. Осы байқаудың мән жайын білу үшін күйшінің ұлы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, Бақыт күйшінің шығармашылығына қатысты «Толқында» атты күй жинағының авторы, күйші Еділ Басығараевпен хабарласқан едік.

- Аға, Бақыт атамыздың атындағы байқау өтеді екен. Құтты болсын. Көптен күтіп едікі. Күй сайысының өтер орны мен уақыты жайында толық мәлімет бере кетсеңіз.

- Рахмет. Ия, бұл Бақыт Басығараевтың атындағы алғашқы республикалық деңгейдегі күй жарысы болайын деп тұр. Конкурс Ақтөбе қаласының «Шығармашылық үйінде» өтеді. Осы жылдың 24-25 қараша аралығында өтеді.

- Үміткерлерге қойылар талап қандай?

- Жалпы конкурс екі турдан өтеді. Бірінші турда «Күй шақырғыш ақжелең», «Домалатпай ақжелең», әкеміздің авторлық «Толқында» күйі және оның орындауындағы кез келген бір күй. Екінші турда «Торы жорғаның бөгелек қақпайы», «Дөңгелек ақжелең», Боғданың «Жет суының тасқыны» күйі, Қаршыға Ахмедияровтың «Бақыт толғауы» (бұл әкемізге арналған күй)

- Бақыт Басығараев десе алдымен өзіндік ерекше оң қол қағысы еске түседі, сол қолдың дыбыс алудағы сан алуандылығы тағы бар. Бұл стильді екінің бірі меңгере алмас. Үміткерлер осы деңгейге сай бола ала ма? Қалай ойлайсыз?

- Әрине, Бақыт Басығараевтың орындаушылық деңгейіне ешкім жете қойған жоқ. Жете алмас та. Байырғы күй мектебінің өкілдері ғой. Дегенмен, «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Дайындап жатқан шәкірттеріміз бар. Көрейік, қалай болатынын.

- Әділқазылар алқасы жайында айтып кетсеңіз.

- Олардың арасында да Бақыт күйшінің шәкірттері, көзін көріп, қолынан күй үйренген өнерпаздар отырады.

- Рахмет аға. Байқау сәтті өтсін.

sal-seri.kz

 

Басығараев Бақыт Шаңбатырұлы 1926 жылы 14-қаңтарда Қызылорда облысындағы Құланды ауылында балықшының отбасында дүниеге келеді. Қарақалпақстандағы Мойнақ ауданы Үшсай ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы жеті жылдық қазақ мектебін бітіреді. Мектепте оқып жүргенде Дәулеткелді, Әбдіғали, Жұмалы атты домбырашылардан Қазанғап күйлерін үйренеді. 1945 жылдан бастап Үшсай ауыл кеңесінің хатшысы болып жұмыс істейді. 1954 жылы Аралдағы қазақ орта мектібін бітірген соң, Құландыға қайтып келіп мектепте бастауыш сыныптардың мұғалімі болады. Мектеп жанынан домбыра үйірмесін ұйымдастырып, жас балғындарды өнерге баулиды. Осы жылдары Қазанғап шәкірттерінің бірі Қадірәлі Ержановтан күйлер үйреніп, күйшінің ойнау тәсілін толығынан меңгереді. Түркіменстанның Мары қаласында жауынгершілік міндетін атқарып жүрген тұста, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскембаевпен кездеседі. Екі күйші жергілікті қазақтар арасында концерт кездесулер ұйымдастырып, тыңдаушылардың риясыз ризашылықтарына бөленген. Әскер қатарынан оралып, Аманөткел мектебінде мұғалімдік қызметін атқарып жүрген кезінде күйші Шыналы Шопановпен жүздесіп, күй тартысқан екен.

1963 жылдан бастап 1990 жылға дейін Шалқар ауданының ГКС – 11 газ құбырында машинист маманы қызметін атқарыды. 1984 жылы Бақыт Басығараевтың орындауындағы күйлер А. Райымбергеновтың «Ақжелең» атты кітабына нота үлгісімен түсірілді.1987 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның сол кездегі басшылығы  шақырып, кездесу және концерт ұйымдастырылды. 1988 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның  домбыра кафедрасы шақыруымен тағыда Алматыға келіп студенттерге Қазанғап күйлерін үйретіп, дәріс береді. Сол кезде А. Жұбанов атындағы арнаулы музыка мектебі, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, Қазақ политехникалық институтында т.б. ұжымдарда кездесулер өткізіп, халық қошеметіне бөленді. 1989 жылы «Ақжелең» атты алғашқы күйтабағы шықты. 1991 жылы Тәттімбеттің 175 жылдығына шақырылып күйлер тарты. Сол жылдың 20 - ақпанында Халықаралық дәстүрлі музыка фестиваліне қатысты.1995 жылы қазақ радиосының алтын қорына «Толқында туған тарланбоз» атты радиохабар жазылды  1998 жылы Бақыт Басығараев «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алды. 2000 жылы Қазақстан телеканалының «Дала сазы» атты бағдарламасына күйлерін жазылды Сол жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальде күйшіге бас жүлде берілді. 2000 жылы күйші Қамбар Медетовтың 100 жылдығына арналған конференцияға шақырылды. Сол жылы сәуір айында Париж қаласына өнер көрсетуге шақырылды. Өмірінің соңына дейін сахнадан түспеген Шалқардың шаң жұқтырмас шаңқанбозы Бақыт Басығараев 2000 жылы 22 сәуір күні дүниеден озды.      

 

Бақыт Басығараевтың орындауындағы күйлерді тыңдау


ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ