Еркін Шүкіманның екі құнды пікірі

17.11.2018, 16:13
420 рет қаралды

Біз нотамен үйретпейміз. Көбінесе тыңдау арқылы үйретеміз. Әнді тыңдау арқылы алу керек. Өйткені, нотада әннің характері жазылмайды. Әнді нотамен үйрену үшін әннің не екенін түсінетін жаста болуың керек. Тұла бойың тұтас әнші болуы керек. Әнге айналған адам ғана нотамен айта алуы мүмкін. Алдымен қағысты үйреніп алып, сосын ары қарай үйренесің онда да. Ол үшін әнді қорыта алатын адам болуың керек. Нотаны алып, ондағы әнді үйреніп алғанмен, әннің бұрылысын, үзілтіп не шырқап беретін жерін келтіре алмауың мүмкін, қайқаңдардан қайқаң еткізіп өткізе салатын жерде кібіртіктеп қалуың мүмкін. Әннің бүкіл табиғатын, болмысын бойына сіңірген адам ғана нотадан әннің негізгі формасын алып, содан кейін ән жасай алса, ол басқа әңгіме. Ал нотамен ғана үйрене салу әншілікке апармайды. Әнші болу үшін алдыңдағыны тыңдау керек. Кешегі өткен ақсақалдарды миға, жүрекке, бүкіл тұла бойыңа жазуға тиіссің. Екі-үш қағысынан-ақ кімнің әні екенін білетін деңгейге жетуің керек. Біздің балалар ондай деңгейге жеткен жоқ.

 

*        *       *

 

Ән мәтіндерімен көп жұмыс істеу керек. Бір әннің сөзі анда да, мұнда да жүретін жағдайлар көп... «Перуайым» деген ән бар. «Перуайым» деген не сөз екенін білмей жүрдім. «Пері» дегеннен шыққан ба, әлде орыс тілінен енген сөз бе, таба алмадым. Бұл жөнінде кезінде Жәнібек Кәрменов те жазды. Бізге араб пен парсыдан көп сөз енді ғой. Оңдасынов құрастырған араб-парсы сөздігін тауып алып қарасам, «перуайым» парсы сөзі екен. Ішіме түйіп қойдым. Сөйтіп жүргенде бір күні тойға бардым. Қытайдан келген қазақтар екен. Той соңында сөйлей келіп: «Айналайын ағайын, перуайым пейілдеріңе рахмет», – деді. Мына сөзді естігеннен кейін ел тарқағанша кете алмай, той соңында ақсақалды әңгіме тартып, әлгі сөздің мағынасын сұрадым. «Тілекші, қамқор пейіл деген мағына ғой» деді. Расында да, Оңдасыновтың аудармасында парсы тілінен аударғанда «қамқор» деген мағынаны білдіреді. Қытайға барғанымда да «перуайым» алдымнан шықты. Онда да сол тілекші, қамқор деген мағынада. Ал енді әннің сөзіне қарасақ:

Дегенге перуайым, перуайым,

Түседі сізді ойласам зар-уайым.

Өзіңмен қосыла алмай армандамын,

Аман бол, қайда жүрсең, қалқатайым, – дейді. Тілекші болып тұр ғой? Бұл біз жақта ұмытылған сөз сияқты. Міне, осындай нәрселерді орнына қоюымыз керек.

2015 жылы kitap.kz сайтында
жарияланған сұхбатынан үзінді

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ