Күйшілер одағы барлық өнерпаздарды біріктіреді деп есептейміз

03.02.2019, 19:30
403 рет қаралды

 

Бүгін қазақ музыка өнері үшін айтулы күн болды. Республикалық «Күйшілер одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Осы ұйым жайлы толық қанды білу үшін Рүстем Нұркеновпен арнайы sal-seri.kz сайты үшін сұхбат құрған едік.

 - «Күйшілер одағының» құрылуына не себеп болды? Осы сұраққа жауаптан бастасақ.

- Жалпы одақ дегеніміз белгілі бір ортаның, мақсаты бір адамдардың шығармашылық ұйымы деп білеміз. Осы күнге дейін «Күйшілер одағы» жайында қанша рет айтылса да, тек сөз жүзінде қалып отырды. Бәрі тек «керек, керек» деумен ғана шектелді. Бұл жайында әңгіме совет кезінен басталған шығар. Кім білсін?! Әйтеуір барша өнерпаздар осындай бір ұйымды армандар жүрді деп айтсам қателеспейтін шығармын. Міне, сәтін салып арнайы қоғамдық бірлестік те ашылды. 

- Бұл одаққа кімдер мүше бола алады?

- Әрине, бұл алдыменен өзін күйшімін деп есептейтін адамдардың шығармашылық ортасы. Дегенмен біз тек аспапта ойнай алатын адамдармен ғана шектелмеспіз. Арамызда ғалымдарды, музыка зерттеушілерді, өнер қайраткерлерін көргіміз келеді.

Осы орайда айта кетейік. Күйшілер деген кімдер? Бұл анықтамаға домбырашылар, сыбызғышылар, қобызшылар, жетігеншілер, яғни күйді орындайтын барлық өнер иелері кіреді.

 - Одақтың статусы...

- Бұл республикалық дәрежедегі қоғамдық бірлестік. Барлық облыстар және Алматы мен Шымкент қалаларында өзінің филиалдары болады. Орталық – Астанада.

 - Яғни, мемлекеттік мекеме емес.

- Дәл солай. Көбі түсінбеуі мүмкін. Мемлекет арнайы ашып берді деп ойлап қалар. Әсте олай емес. Республикамыздың заңдарына сәйкес, қажетті құжаттарды дайындап, бір топ адам болып осы бірлестікті ашып отырмыз.

 - Осы орайда мынадай сұрақ туып отыр. Мемлекет ашып бермесе, оның құжаттары бар, төлейтін қаржылық салықтары бар...

- Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл «Күйшілер одағын» өзіміз өңірлердегі күйшілермен ақылдаса отырып құрдық. Құжаттарын бәрін де өзіміз жасадық. Ешбір мекемеден көмек болмады. Көмектері де керек емес еді. Қаржысын да өз мойнымызға алдық. Бұл дегеніміз ашу үшін салығы бар, нотариустың қызметі, өзге де азды-көпті шығындар.

 - Төрағасы өзіңіз екенсіз...

- Ия. Жоғарыда айтқанымдай он шақты қыз-жігіттер ақылдаса отырып, бірлесіп құрдық. «Өзің төраға бол» деп ұсыныс айтқаннан кейін бас тартпадым. Әрине, бір жағынан қызық ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ жауапкершілігі үлкен. Бастық ретінде отырып алып бұйрық беріп отыратын жағдайда емеспіз. Күнде шапқылап, басқа да құжаттарды реттеп, түрлі орынданмен келіссөздер жүргізіп дегендей.

- Сіздерді енді басқа одақтармен салыстыратын шығар.

- Әрине солай болады. Дегенмен ескерте кету керек. «Жазушылар одағы», «Композиторлар одағы» сияқты қоғамдық бірлестік болсақ та, олар сияқты ашылғанымызға 70-80 жыл болған жоқ. Яғни, жұмысымызды енді бастап отырмыз. Аталған одақтар сияқты қаржы көздеріміз де қалыптаспаған. Бәрін бірте-бірте шешпекшіміз. Сондықтан баршаға айтарым, «Жазушылар одағы», «Композиторлар одағы»  сияқты мекемелермен салыстыру келе қоймас.   

- «Күйшілер одағының» негізгі мақсаты не?

- Мен бірлестігіміздің жарғысында жазылған мәтінді тікелей ұсынайын. Бірлестіктің мақсаты – күйшілер мен күйшілік өнерді насихаттап, күйшілерге кәсіби біліктілігін арттыру үшін шығармашылық орта қалыптастыру.

Осы орайда бірнеше міндеттеріне де тоқтала өтейін: күй мен күйшілік өнерді насихаттау; Бірлестік мүшелеріне шығармашылық потенциалын арттыру үшін жағдайлар жасау; күйшілер арасында шығармашылық байланысты нығайту; күйтанумен айналысатын ұйымдар мен тұлғалар қызметін біріктіру және үйлестіру; мемлекеттік саясатты, мақсаттық және басқа да бағдарламалар мен жобаларды дайындау және жүзеге асыруда мемлекеттік қоғам институттарына күйшілік өнер саласында заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге жәрдем ету; күй мен күйшілік өнерді насихаттауға арналған түрлі акциялар мен іс-шараларды ұйымдастыру; жастар мен жасөспірімдерге мәдени мұраны үйрету мен табыстау болмақ.

- Соңғы сұрағымыз алдағы жоспарларыңызға қатысты болмақ.

- Жоспарымыз көп. Күйшілер арасында ашылған алғашқы ұйым болғаннан кейін көп істі бастағымыз келеді. Қайсы бірін айта берейін. Дегенмен өзімнің бір үлкен арманым, күз айларында күй тартудан Қазақстанның ашық чемпионатын ұйымдастыру. Бұдан өзге байқаулар, шеберлік сабақтары, түрлі кездесулер өткізу, бәрі-бәрі де осы жылға жоспарланып отыр. Аманшылық болса, ақпан айының ортасында Астанада «Күйшілер одағының» жиынын өткіземіз деп отырмыз.

-Іске сәт.

sal-seri.kz

ПІКІРЛЕР

    • Жақсылық
    • 02.02.2019

    Жақсы бастама. Іске сәттілік тілеймін!

    • Олжас
    • 04.02.2019

    Күйшілерге осындай бір орта керек болып жүрді. Іске сәттілік!

    • Аманкос
    • 06.02.2019

    Kuanyshty zhanalyk bizdin auyldada bolady eken. Tauba, bizde el bolatyn boldykgoi.

ПІКІР ҚОСУ