Жанғали Жүзбай. "Саз өнері" мен "сөз өнері" кешенді зерттеуді қажет етеді

18.03.2019, 13:50
144 рет қаралды

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының өзектілігі – дала фольк­­лорының әуелгі сафи болмысын сақтау, оның ішінде әдеби және му­зы­калық фольклорды кешенді түрде зерт­теу болып табылады. Яғни, біз осы­ған дейін фольклорлық мұрамыз­ды «сөз өнері», «саз өнері» деп жанрға бөле қарас­тырсақ, ендігі жерде оның синк­реттік табиғатын бұзбайтын һәм тарихи тұғырын таныта алатындай тұтас кешенділік қажет. ­Мәселен, күй жи­на­ғына қатысты аудио, видео немесе ноталық жазба түрін­дегі жинақтар құрас­т­ырар болсақ, күй мен оның аңыз-әңгі­мелері бірге өрілуі, музыкалық туын­­дыға қатысты тарихи-шежірелік дерек­тері бірге жинақталуы керек-ақ. Әл­бет­те, бұл әдістеме халықтың әнге де, дәстүрлі жыр мен терме, айтыс пен дас­танға да, тұрмыс-салт жырларына да қатысты болмақ. Себебі әдеби фольк­лордың музыкалық бейнесі (немесе кері­сінше, музыкалық фольклордың әдеби әдібі) ғылымда дербес бағыт болып есептелгенімен (филология, өнертану) синкреттік көзқараспен бағамдағанда бір-біріне бөтен жанр бола алмайды. Осы жерде фольклордың күрделі синкреттік қасиеті жөнінде бір ауыз айта кетпесек болмас. Фольклорлық туынды дәстүрлі өнер­дің әртүрлі саласын біріктіреді, мұн­да сөз, музыка, театр өзара қабыса дамып, табиғи келісім тапқан. 

Фольклорлық мұрамыздың тұтас­тығы арқылы жаһандағы жеті жұртқа ұлт­тық келбетімізбен, түркілік тамыр ны­шанымызбен танылу, руханияты­мыз бен мәдениетіміздің деңгейін әлем­дік биік деңгейге көтеру мақсаты тұр. Жер шарында өзіндік фольклоры арқы­лы мемлекеттік дидарын (брендін) қалып­тас­тырған, сол арқылы тарихта да, саясатта да ұлы жеңістерге жеткен ұлттар мен ұлыстар жеткілікті. 

Ұлы дала фольклорының мыңжылдық тарихын зерттеу – өте күрделі ғылыми сарапты талап ететін кірпияз жұмыс. Фольклордың тарихын зерделеудің жалпы ғылымға ортақ әдістемесі бар десек те, біздің дәуірімізге дейінгі, біздің дәуірімізден кейінгі ғасырлардағы фольклорымыздың хроникалық сипатын екшеу оңай іс емес. Себебі кәсіби ғылым салалары (тарих, жағырапия, архитектура, этнография, этнология, социоло­гия, культурология, әдебиет, музыка, хорео­графия, театр, сурет, қолөнер, т.б) біріз­ді болса һәм кешенді түрде жұмылса ғана іс оң нәтиже бермек. Мысалы, қа­зақ­­тың күй өнеріндегі ең көне туынды («Сарыөзен», Сарыатан», «Сынған Бұғы», «Ақсақ марал», «Аққу», «Қасқыр», т.б.) қай ғасырда туғанын анықтау үшін тек қана өнертану ғылымына жүгіну то­лық­қанды нәтиже бере алмайды, шы­ғар­маның кезеңін танып-болжау үшін іргелі тарих ғылымына сүйенуге тура келеді. Бұл әдеби фольклорға да қатысты мәселе.

Елбасының мақаласында айтылған міндеттерді қолға алу барысында әдеби-музыкалық мұраның табиғи дамуына қатысты тереңдетілген, жанры мен стилі айқындалған антологиялық зерттеу істері, олардың этнометодология­сы айқындалуы қажет. Ықылым заман, ежелгі дәуір, орта ғасырлық кезең, отар­шылық ғасырлары, кеңес дәуірі сияқты белестердің куәгері болған ұлы даланың абыз фольклоры келер ұрпаққа қастерлі мұра болып жалғасуға тиіс. Еңселі ел, егеменді отанымыздың рухани мұраны сақтау және дамыту барысындағы басты мұраты да сол. 


"Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаладан үзінді

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ