"Жарқын өлді дегенше..."

17.04.2019, 4:37
162 рет қаралды

Көздің жасы бұлайды,
Тиылмайды, ағатай!
Сізге дағы жетіпті,
сұм өлімнің сағаты-ай!
Əзірейіл аңдыған,
Үрейімен шандыған, 
Босағаңда кідіріп 
Қылмады ма, тағат-ай?!
Ардақтаған асылды,
Алып кетер сұраусыз,
Сұм ажалдың расында 
Осы жері ағат-ай!

Жарқын өлді дегенше,
Жаһан өлді десейші!
Біржан сал мен қайтадан 
Ақан өлді десейші!
Көшелі өнер иесі -
Хаһан өлді десейші!

Бұл жалғаннан расында,
Түк таба алмай кеттің бе?
Қара нардай көтерер,
Жүк таба алмай кеттің бе?
Өнері өлген халықты
Көрмейін деп кеттің бе?
Өтіріктің өрімін,
Өрмейін деп кеттің бе?
Қаласы еді Алаштың,
Даласы еді Арқаның,
Сағасы еді Ертістің,
Туған елім қайтейін...
Семейім деп кеттің бе?
Əн əмірі - Əміре
Көмейім деп кеттің бе?
Өлтіріп ед қапыда
Құпиясын өзіңмен 
Көмейін деп кеттің бе?! 
Ойыңды айтып түйінді,
Өнер сырын өруші ең.
Қоңыр шертіп күйіңді,
Пернеден мұң теруші ең, 
Не əн ұқпас, не күй сезбес,
Есер əнге елтіген 
Бүгіншіл мына жұртыңа 
Көңілің қалып торығып,
Енді қайтып ештеңе
Демейін деп кеттің бе?

Ақан сері, Біржанға,
Бəрін айтып барғайсың.
Жетім қалған өнердің 
Зарын айтып барғайсың.
Құрманғазы, Абылға,
Тəттімбет пен Тоқаға,
Дəулеткерей, Қазанғап, 
Сүгір менен Сейтекке
Бұл заманнан күңірентіп
Сарын алып барғайсың!

Жай кетпедің, Жəкем-ай,
Жауға тастап барасың.
Қара тартып еріп ем,
Дауға тастап барасың!

Кенесарыдай қорғанға
Ілиястай арманға,
Жұмабектей зорларға,
Əуезовтей заңғарға
Жəнібектей жампозға
Ақселеудей шаһитке,
Асқардайын арланға
Таласбектей тарланға, 
Қалың аруақ орманға
Мына біздей шерліден, 
Біразырақ деген айт!
Дұғай, дұғай, сəлем айт!

Тауға біткен тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас,
Тарыққан сəтте толғанып,
Тағлымын айтқан тағдырлас...
Серуен мына дүниеде,
Бірге жүрген сайрандас.
Алқалы топтың алдында,
Тізе қосқан майдандас.
Сізден өтті сұм жалған
Айтып айтпай не керек,
Арманда кеткен жалғыз бас...
Кәміл болсын, иманның,
Артыңда қалсын жиғаның,
Қара орман халқың аманда,
Іздеусіз сізді қалдырмас...

Ерлан Төлеутай

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ