ЖАҚСЫЛЫҚ ҰСТАЗ

21.06.2019, 18:55
103 рет қаралды

Күй құдіреті көңіл көкжиегінің кілті іспетті. Түсінсең, түйсінсең, күй алпыс екі тамырыңды иітер тылсым күшке ие. Адам жанынан ақтарылып, қос ішекті домбырадан күмбірлей шыққан үн, үт сияқты жүрекке сәулесін түсіріп, үзілген үмітті жалғап, тілмен жеткізе алмас дүниені жария қылғанда тамсанасың.

Өкінішке орай күй өнеріне деген сұраныстың, үгіт-насихат жұмыстарының аздығы киелі өнердің дамуына кері әсерін тигізіп жататындығы ақиқат. Бабадан қалған асыл мұраның үзілмеуіне үн қосып, мағыналы ғұмырында қастерлі күй өнеріне мұрындық болған, мақсаты биік ағаларды көргенде, көңілің марқаяды. Осындай ардақты жандардың бірегейі - біздің әңгімеміздің арқауы болар домбырашы, күйші, әуесқой сазгер Жақсылық Нәдірбеков.

Бұл кісіні Балқаш өңірінде білмейтін жан жоқ шығар. Қара домбырамен қалың жұртты қанаттандырып, саусағына күй саулатқан сұңғыла ағаның шәкірттері шартарапқа таралып, шертпе күйдің шеберлеріне айналған. Биік адамдар аласа жерге отырса да, биік болып қала береді. «Жақсылық Рзаханұлы кім?» деген сұраққа жауап іздесек, ауыз толтырып айтар толымды жауап табылады.

Біріншіден білікті, ұстамды, жаңашыл ұстаз, екіншіден дарынды домбырашы, үшіншіден күйші, төртіншіден күй өнерін жеткізуші, зерттеуші, бесіншіден күй күмбезі Тәттімбет, Сарыарқа саңлағы Сармантайдың Ахметжаны күйлерінің насихатшысы, алтыншыдан мықты музыкант, жетіншіден сазгер. Осынау қасиеттің барлығы Жақсылық ағаның бойынан аңғарылады. Сонымен қатар, жақында құрылған "Күйшілер одағының" алғашқы мүшелерінің бірі. 

Тарқата айтсақ, таңды-таңға жалғар тарауы мол әңгіме. Кіндік қаны Балқаш қаласында тамған Жақсылық аға Балқаш станциясының №157 орта мектебінің түлегі. 12 жасынан домбыраны жанына серік етіпті. Алғашқы ұстазы, мәдениет қайраткері, талантты ұстаз Төлеутаев Келгенбай Жиенбайұлы екен. Кейін Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқығанда, күйші Біләл Ысқақовтан, Алматы консерваториясының домбыра сыныбында Орынбай Дүйсенов деген белгілі күйшілерден тәлім алған.

Қазақтың қайталанбас күйшісі Мағауия Хамзинмен шығармашылық байланыста болып, аға ақылына жүгініп, бірнеше күйді түрлендіріп дамытуға атсалысыпты. Алдына келген Жақсылық ағаға Мағауия күйші «Мықты музыкант» деп өз бағасын беріпті.

дирижер пультінде

Еңбек жолын Балқаш қаласының Өнер мектебінен бастаған Жақсылық аға 38 жыл айтулы білім ордасында ұстаздық қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінде шәкірт тәрбиелеп келеді. «Күй» кітабының авторы Жақсылық Нәдірбеков Ахметжан Сармантаевтың табылған күйлерінің барлығын нотаға түсірген.

Жаменкеев Ержан Ерболатовичтің «Қазақтың домбыра дәстүріндегі күлкі мәдениеті» атты философия докторы (PhD) дәрежесін қорған диссертациясынан үзінді: «Жаңылтпаш күйлерінің қатарын толықтырып, қазіргі уақытта осы дәстүрдің жалғастырушысы кім дегенде күйші Надирбеков Жақсылық Рзаханұлын (1955 ж.) айтсақ болады.

Қоржынында оннан астам әр түрлі тақырыптағы күйлерді кездестіруге болады. Атап айтсақ: "Құлақ күйі", "Тел бұрау", "Тартыс", "Секіртпе", "Тойға шашу", "Толғау", "Жаңылтпаш", т.б. Біздің зерттеу нысанамызға Ж.Надирбековтың "Жаңылтпаш" күйі түсіп отыр. Өйткені, қазіргі таңда тартыс өнерінің бұрынғы үлгісінің оты өшкендіктен, яғни суырып салма күйшілік өнердің ұмыт бола бастаған шағында осындай "Жаңылтпаш" сынды күйлердің насихатталуы "күй тартыс" өнерінің баяғыдай қайта жаңғырып, дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймыз».

Бұдан бөлек, Түркі әлемінде тұңғыш рет ұлттық аспапта, оның ішінде домбырада ойнап үйренудің компьютерлік бағдарламасын жасаған жан. «ДОМБЫРА СОФТ» деп аталатын бағдарламасы талайдың таңдандырған. 2014 жылы авторлық бағдарламасын куәландыратын куәлігін алған. Қазіргі уақытта бағдарламаны жетілдіріп, екінші нұсқасын әзірлеген. Бұл музыкалық сауаты жоқ қарапайым адамдар үшін және жазған шығармасын нотаға түсіргісі келетін әуесқой сазгерлерге таптырмас құралға айналған. Автор домбыра бөлшектерінің дәстүрлі атауларын және оған қатысты ұлттық ұғымдарды сақтай отырып, екі ішекті аспапта ойнап үйренудің тың әдісін күрделендіруді қолға алыпты. Алға қойған мақсаты айтулы бағдарламасын білім саласының оқу бағдарламасына енгізу.

Қазіргі заманғы компьютерлік ақпараттық жүйе не ұсынады? Білім беру саласында жаңа технологияларды енгізу дәстүрлі жұмыс әдістерінің неғұрлым құнды тәжірибесін сақтаған жағдайда оқушылардың музыкалық сабақтарын ұйымдастырудың жаңа прогрессивті әдістері мен формаларын іздестіруге ынталандырады.

Музыкалық білім берудің қазіргі заманғы жүйесі біздің білім беру жүйесіндегі ғасырлар бойы жинақталған дәстүрлерге негізделген. Заманауи білім беру стратегиясына сәйкес, оқушы тыңдаушының рөлінен шығып, оқу үдерісіне белсенді қатысушы болу керек. Білім беру ақпараттық

технологиялардың қарқынды дамуына сайма-сай болуы тиіс. Бұл білім беру нәтижелеріне қол жеткізудің жаңа тәсілі ретінде қарастырылады.

Музыкалық білім беруде компьютерді пайдалану үрдіске айналды. Музыкалық аспапта ойнауды үйренуде ешқандай «ақылды» машиналар оқушы мен мұғалімнің тікелей байланысын алмастыра алмайды, алайда ғылыми және технологиялық прогрестің жетістіктерін ұтымды пайдаланудан бас тарту – қауырсын-қаламнан немесе сорғыш-қағаздан табанды түрде бас тартқанмен бірдей.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл». Жақсылық Рзаханұлының тәлімін алған талантты шәкірттерінің әрісі халықаралық, республикалық байқаулардың, берісі қалалық күй жарыстарының жеңімпазы. Атай кетсек, сыртта білімін жетілдірген шәкірттері Қуаныш Төребаев «Отырар сазында» домбырашы, сонымен қоса, Арман Айнабаев, Айгерім Кенжекаримова, Қуаныш Рахметтер болса, қаламызда өзімен бірге бір салада еңбек жасап жүрген Гүлжихан Жексембекова, Гүлмира Елеубекова, Айжан Нұрбековалар Жақсылық ағаның төл шәкірттері екен.

Ұстаз аты аталған шәкірттерімен мақтанатындығын да жасырмады. Таяу жылы колледжді тәмамдаған Аманжол Шәймерденовті және бүгінгі күнде өзінен дәріс алып жүрген Ақгүлім Боранованың болашағынан үлкен үміт күтетіндігін айтып қалды. Бұл - Жақсылық ағадан сұрағанда есіне тү-сіріп, моншақтай тізген шәкірттері. Ал, аты аталмай қалған шәкірттері де жетерлік. Біз әңгіме барысында алпыстың төріне шыққан жерлесіміздің елеулі еңбегінің бір парасын ғана аштық. Білімі терең, еңбегі ерен азамат жайлы әлі де мардымды мақалалардың жазылары хақ. Қазақ руханиятының қызғыш құсына айналған тұлғаның тамам елге берері көп болғай.

 Нұрдос КӘРІМ

ПІКІРЛЕР

    • Инди
    • 21.06.2019

    Самый лучший учитель!!!!! Отличный преподаватель. Крайне спокойный и положительный человек. Спокойно повторяет одни и те же простые вещи, если что-то не понятно - помогает разобраться. Один из лучших педагогов города!

ПІКІР ҚОСУ