Күйші – Ақбала Жаңқабылұлы

16.03.2014, 17:08
1307 рет қаралды

Күйші – Ақбала Жаңқабылұлының өмірі мен шығармашылығы жайында

Қазақтың музыка мәдениетін қалыптастыру кезінде халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын жинап оларды жан-жақты зерттеу қолға алынды. Белгілі академик А.Қ. Жұбанов, М.Төлебаев, Б.Ерзакович, Е.Брусиловский сияқты музыка мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында музыка мәдениеті біршама жетістіктерге жетті. Осы кезеңдерде А.Қ. Жұбановтың «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы» атты көлемді еңбегімен қатар «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі» атты еңбектері жарық көрді.

Күйшілік дәстүрде аты белгілі болғанымен, заты белгісіз күйшілеріміздің бар екені белгілі. Ал өзінің күйшілік мұрасы артынан ерген бір ғана шәкірті арқылы жеткен күйшілеріміз де бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтатын болсақ, күйшілік мұраны көзінің қарашығындай сақтап, Ақбала Жанқабылұлының күйшілік өнерін келешек ұрпаққа жеткізген күйшінің жиені Шағдар Ақылбеков еді.

Ақбала күйші 1884-1945 жылы Шымкент облысы, қазіргі Жетісай ауданына қарасты Қараөзек деген жерде, кейін Шардараның арғы жағындағы Қызылқұм деген жерінде өмір сүреді. Оның ағасы Қалдарбек, Құланды қажы, болыс болған кісі. Ақбала жастайынан ерке болып өскен, бала күнінен сол өңірге күйші деген аты шыққан. Жеңгелері еркелетіп «Аппақ бала, ақ бала» деп еркелетумен Ақбала атанып кеткен. Ақбала күй тартқанда көзін жұмып тартатын болған. Тыңдап отырғандар неге көзіңді жұмып тартасың дегендерге: «Күй жауатын қар секілді, бұлт сияқты келеді, көзімді жұмбасам болмайды», - дейді екен. Күй тартқанда бір күйді бірнеше рет түрлендіріп тартатын болған. Ақбала Әлзақ, Шолақ, Әлшекей атты күйшілерден күй үйренген, оларды ұстаз тұтқан. Әлшекейдің «Терісқақпай» күйін тыңдап, өзі де «Терісқақпай» деген күй шығарған.

Ақбаланың келбеті ақ сары келген дөңгелек жүзді, көзі алақандай қап- қара әдемі кісі болған. Оның төлқұжатындағы суреті сақталған. Ақбала күйші қобызда, шаңқобызда ойнаған. Соғыс жылдарына дейін екеуін тастамай тартып жүрген.

Ақбаланың арғы аталары Жандарбек, Қалдарбек деген күйші кісілер болған. Негізінен Семей жерінен көшіп Түркістан жеріне Қызылқұм елді мекеніне күн көріске, малға отты жер болғандықтан көшіп келген, руы - Тобықты. Ақбала 1928 жылы халықты кәмпескелеген уақытта, қазақтың үштен екісі қолдан жасалған аштықтан қырылған 30-шы жылдары қиын-қыстау заманды көрген. Кейін Ақбаланы байдың тұқымы деп қудалай берген соң, Тәжікстан жеріне көшіп кетеді. Ақбаланың күйшілік өнердегі елеулі кезеңі 1917 жылдары болатын. Ұлы октябрь республикасы жеңіске жетіп, Совет өкіметі орнаған 1920 жылдары Ақбала бір топ бандыларды әшкерелуге қатынасқан. Бір күні Ысыраш қожа бастаған бандылар тобы мезгілсіз уақытта Ақбаланың ауылына бас салып кіреді. Бейқам жатқан елге баса-көктеп кіріп Қызыл отау еліне:

- Сендер не істедіңдер деген сөзді уәж етіп, бір басшы шығып жауап беруін Ысыраш қожа өтінеді. Сонда сол елдегі Сердалы деген батыр жігіт ел қамын ойлап елге тиістірмей сусыз шөлге алып шығады. Сердалыға ымырасыз алданған Ысыраш қожа оны ауыл сыртында өлтіріп, сол арадан өз еліне қайтады. Осы суыт хабарды елден естіген Ақбала, ағасы Қалдарбекпен сол елдегі милиция коммиссары Қоңырат руының Маңғытай атасынан шыққан Шекербеков Нақыпбек түс ауғанша атысумен болады. Осы ұрыста Нақыпбекке оқ тиіп өледі. Нақыпбектің өлгенін естіп бандылар тобы кеш түсе елден қашып кетеді. Осы уақытта аудан орталығынан көмекке жігіттер алып келген Ақбала Нақыпбектің қазасына қатты налиды. Олар енді әлі ауылдан ұзай қоймаған Ысыраш қожа тобын, бандыларды қуып жетіп талқандайды. Ақбала Нақыпбектің ерлігі мен қазасына арнап «Қайран Нақыпбек», «Өкініш» атты тың күйін шығарады. Нақыпбектің ерлігі күні бүгінге дейін Мырзашөл, Жызақ, Тамды елдерінде аңыз болып айтылады. Оны сол елдегілер "Батыр Нақыпбек" деп атап кеткен. Ақбаланың 1960 жылы туған бір ғана Жолдасбай деген баласы, 1942 жылы туған Тұрған атты қызы болған. Ол екеуі де қайтыс болған. Бірақ қазір немерелері бар. Мақтарал жерінде бұрынғы аты Киров, қазір Фрунзе деген совхозда тұрады. Ақбаланың Хадиша атты әйелі болған. Кейін ағасы Қалдарбек қайтыс болады. Өзі Күлән атты қызға үйленеді. Күлән күйді түсінетін өте сезімтал жан болған.

Ақбала күйші туралы белгілі күй зерттеушісі Ақселеу Сейдімбек былай дейді: «Ақбала күйлеріне негізінен өз басынан өткен уақиғалар, өзі куә болған тарихи-әлеуметтік жағдайлар арқау болған. Яғни, Ақбаланың күйлері туралы сөз қозғау, өзінен-өзі оның ғұмыр жолын қыдыра шолу болып шығады».

Қызылқұм елінде қобыз тартатындар көп болған. Бірақ оларға соғыстан кейін қобыз күйлерін тартуға тыйым салған. Өйткені, онсыз да қара халықтың жылағаны жетеді, мұңлы күй, мұңлы ән айтылмасын деген өктем сөздер де айтыла бастаған. Содан қобыз өнері Қызылқұм елінде көп тартылмай ұмытылып кету қаупіне жеткен.

Ақбаланың «Кертолғау» атты күйі бар. Күй тақырыбы 1930 жылдардағы ашаршылық жайын меңзейді. Қызыл империяның кесір саясаты салдарынан қазақ халқы қырылған. Ол заманды «Кертолғау» деп атаған. Ақбала осы нәубетті зарлы сазбен жеткізген. Күй тілімен күңіренген. Бұл күйді «Кертолғау» деп атаған. Ақбала күйлерінде қобыздың сарыны басым болып келетінін айтып өткен жөн. Ақбала күй тартқанда оң қолдың қағысы білінбейді, өте жұмсақ ойнайды. Ақбаланың домбырасы жеті пернелі болған.

Заманында Ақбала Ұлмекен, Айжан, Аянкеш атты күйші қыздармен күй тартысады. Қыздармен күй тартысқанда, олардың тартқан күйін Ақбала шаңқобызбен тартып беретін болған. Сонда қыздар Ақбаланың не шаңқобызбен, не домбырамен тартып бергенін аңғармай қалатын болған. Ақбала күйді адамша сөйлетіп тартатын болған.

Ақбаланың әйелдер образына арнап шығарған бірнеше күйлері бар. Солардың бірі «Айжанның жүрісі-ай» атты күйі. Күй мына жайтқа байланысты шығарылған.

«Сол елдегі бір сұлу қызды Ақбала ұнатып қалады. Өзі ұнатқан қызбен кездесіп сөйлескісі келеді. Ол кезде қыздар аяғына кебіс киетін болған. Кебістің дыбысы түнгі жаңғырықпен қатты шығады. Содан әлгі қыз аяғындағы кебісін шешіп, қара тікеннің үстімен жалаңаяқ жүреді. Осы қыздың жүрісіне арнап Ақбала «Айжанның жүрісі-ай» деп күй шығарған.

Ақбала өнерінің толысқан шағында Қызыл отаудағы ойын-сауық үйірмесінде қызмет етеді. Қазақ күйінің жаңғыруын тілеген күйші «Қазақ биі» деген күй шығарады. Қызыл отау жерінде қобыз, шаңқобыз аспаптарын қосып күй тартады. Бұл күйді Ақбала «Домбыра биі» деп атаған. Ақбала күйлері Жетісу мен Сыр бойы күйшілік дәстүрінің қақ ортасынан арна тартқан.

Ақбала 1944 жылы денсаулығына байланысты қарындасы Шәркүл мен күйеу баласы Ақылбектің қолына келіп тұрады. Біз жоғарыда айтқан Шағдар Ақылбеков Ақбала күйшінің Шәркүл деген апасынан туған жиені болып келеді. Шағдардың шешесі Шәркүл шаңқобызда ойнаған. Ол Ақбаланың күйлерін аузымен ыңылдап тартатын болған. Осы тұрғыдан келгенде, Шағдарға күйшілік өнер ана сүтімен сүйегіне дарыған деп айтуға болады. Шағдар Ақылбеков мына бір болған оқиғаны есіне алып айтып берген еді:

«Ақбала күйші Қуандық қажының інісі Жанқабылдың баласы. Ауылда барлығы қосылып қобыз, шаңқобыз тартатын болған. Ақбала он екі, он үш жасында үкілі баскиім киіп, қара жорғаға мініп елді аралап күй тартып жүрген. Қазақтар үлкен жылан жылы деп атап кеткен зор аласапыран тудырған 1916 жылға дейін Қызылқұм елі тыныш заман кешкен. Ақбаланың күйлерін тартатын шәкірттері бірінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болып, елге оралмайды. Қуандық қажы деген кісі болыс болған әрі қыдыр қонған адам екен. Оған қыдыр қонған дейтін себебі: "Екі кісі аң аулап жүріп, сайда кішкентай үйшіктің төбесінде отырған бір кемпір мен шалды көреді. Бұлар шөлдеп келе жатқан соң, сол кемпір мен шалдың үйіне кіріп сусын ішіп алуға бет алады. Су ішіп үйден шыға бергенде, Қуандық қажы қасындағы кісіге «Әй, мына кісі Қыдыр ма, батасын алып кетейік"- дейді. Содан қасындағы жігіт:

- "Айдалада қайдағы Қыдыр? Сен де айтады екенсің", - деп, көңіл бөлмей кете барады. Сонда Қуандық: "Бұл кісі Қыдыр болуы керек", - деп, бұрыла сала жерге отыра кетіп: "Ата, біз жолаушылап жүрген балаларыңыз едік, батаңызды беріңіз" - дейді. Сонда шал: "Бердім батамды", - дейді. Бұлар бетін сипап үйден шыға бергенде, әлгі шал ғайып болып кетеді. Содан елдегілер оны Қыдыр көрген Қуандық қажы деп атап кеткен. Содан елге келгеннен кейін Қуандық қажының қасындағы жігіт үрім-бұтағымен қайтыс болып кетеді де, Қуандық қажы көп ұзамай болыс болып арқа-жарқа өмір сүреді. Кейін Қуандық қажылыққа да барған.

11b247ede67231e0168885bb2ba92c3b

суретте Шағдар Ақылбеков (www.oksh.kz сайтынан)

Шағдардың домбыра орындаушылық ерекшелігіне ақын Әсемгүл Қалыбекова аймақтық «Достық» газетіне 1995 жылы 24 тамыз айында төмендегі жыр жолдарын арнаған:

"Тоғыз перне, екі ішек сайрай бастар бұлбұл боп,

Саусақтары сиқырлы сипаса домбыра беттерін.

Төменгі ішек «Аһ ұрып» күйзелсе мына бүлкілдеп.

Жоғарысы паш етер «Айжанның» ырғала басып жүргенін.

Тәтті саздар жеткізбей шарықтайды биікке.

Жеті қабат жер беті рахатқа батқандай.

«Салтанат» пен «Сағыныш» шарлай келіп биікте.

Санасы бар кеудеге мұңын шағып жатқандай.

Шалқып бір кетсе «Ақ отау» мен «Замандас»

Еліктей оны тыңдамайтын жан қалмас,

Болғанмен қанша мағыналы, саф алтындай кей күйлер,

Тартпаса оны шын күйші, сірә да, бағы ашылмас.

Болу үшін шын күйші...

Керек шығар дарын менен шалқар ой.

Күйлерін күмбір сыйлаған жалпы халқына,

Менің атам, күйші атам Шағдар ғой".

Міне, бұл өлең жолдарынан біз Шағдар күйшінің күй тартудағы шеберлігіне берілген үлкен баға деп білеміз.

Ақбала Жаңқабылов күй тартудан еш жалықпаған. Ол ауырып жүрген шағында домбыраны шалқалай жатып тартатын болған. Оның күй тартқанда қолын анық көру үшін сол ауылдағы күйге тәнті болып жүрген бір топ бала, оның ішінде Шағдар күйші де бар, күйді тыңдау үшін киіз үйдің түрілген түндігінен, шаңырақтың ашық жерінен шалқалай жатып күй тартып жатқан Ақбала күйшіні шаңыраққа шығып тыңдайтын болған. Бір күндері сол киіз үйдің үстінде ұйықтап қалған балаларды талай шешелері оятып алған көрінеді. Шағдар өз сөзінде: «Мен нағашымның күй тартуын жақсы көріп өстім. Ол кісі қартайған шағында аурушаң болып, біздің үйімізде тұрды. Шалқалап жатып сұңқылдатып күй тартатын. Менің домбыра тартуға әуес болып жүргенімді көріп, ол маған «хандым» ағашынан домбыра жасатып берді. Ол қазіргі таңда Жетісай еліндегі «Сырдария» университетінің фольклорлық кабинетінде сақтаулы тұр. Ақбала күйші Шағдардың домбыраға деген қызығушылығын білді ме екен, әлде Ақбаланың күйші жиені Шағдардың Ақбала күйлерін кейінгі ұрпаққа жеткізерін дөп басып таныды ма екен, кім білсін, өсе келе Шағдар сол төңірекке аты мәлім күйші болып таныла бастайды. Жалпы айтқанда, Шағдардың музыкалық сауаты болмаса да Ақбала күйлерін осы күнге жеткізді. Десе дегендей, Шағдар бала күнінен құлағына сіңген Ақбала күйлерімен қатар, ел білетін Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлерін есту қабілеті арқылы тартып жүреді. Осылайша,балалық шақ, бозбалалық дәуренге ұласады. Шағдардың домбыра тартысына Ақбаланың күйлерін халқына қалтқысыз жеткізуіне риза болған күй зерттеушісі белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек мынадай баға берген:"Ақбаланың Шағдардай жиені бар бақытты ғой, бұл Ақбаланың күйлерін жетесіне жеткізді ғой" деген екен. Шағдар ауылда дәрігер болып жұмыс істесе де домбырасын қолынан тастамаған.

Шағдар домбыра тартқанда тек бас бармақ пен сұқ саусақты сипай, жұмсақ қағу арқылы дыбысты құлаққа жағымды етіп шығарады. Домбыра тарту шеберлігі өте жоғары. Ол 1964 жылы Москва қаласындағы Кремль сахнасында өнер көрсеткен. Шағдар домбыраны жақсы меңгерген шағында сол елдегі әлеуметтік оқиғаларға, елді налытқан бір келеңсіз жайттарға арнап күй шығарады. Ел қайғысы ердің қабырғасын қайыстырады. Он сегіз жасар Шағдардың көкейінен аһ ұрған бұл күйдің аты «А, қиын – ай» деп аталады.

Шағдар Ақылбеков бұл күйдің аңызын былайша баяндайды: «Мен елде күй тартып сол елдегі, аудандағы мерекелерге қатынасып, оркестрде ойнап жүріп көптеген дыбыстарды естіп жүрдім. Бірақ ол уақытта күй шығарамын деген ой менде жоқ болатын. Содан 1956 жылы Хрущев біздің Мырзашөлдегі біраз жерімізді Өзбекстан еліне беріп жіберді. Сол кезде Тәшенов деген кісі өз өміріне қауіп төніп тұрса да, осыған қарсы тұрған болатын. Содан елдегі кәрі қария шалдар Мырзашөл жерін беріп жіберді деп еңіреп жылап налиды. Сондағы елді басқарып отырған Пәтсаев деген кісінің халыққа айтқан уәжі: "Әй, ағайын сендер құдайға шүкір, деп айтыңдар екі ауданның кеткеніне, бұл мынау Тәшеновтың арқасында басқа жерге қол сұғылмай отыр. Енді елдеріңе қайтыңдар" дейді. Осы уақиға мені мазалап жүрді. Күй туғанымен, тартуға жүрексініп жүріп, бір күні әкеме тартып бердім. Әкем маған "жер дауы жаман балам, бұл күйді Ақбаланың күйі деп тарта берсейші"-деді. Бұл күйден кейін «Қоштасу» деген күй шығарады. Жеті аудан - Бостандық, Мырзашөл, Ақалтын, Достық, Пақтакор, Шымқорған, Қызылқұм жері Өзбекстан жеріне беріледі. Елдегі көрнекті адамдар Шымкент, Мақтарал жеріне көшіп жатқанда, сол елде қалған қазақтар бір-бірімен жылап қоштасып жатқанды көзімен көріп, осы оқиғаға арнап Шағдар "Қоштасу" деген күй шығарады. Кейін "Шалқыма" атты күй дүниеге келеді. Күй тарихы мына жaйтқа байланысты шығарылған.

Шағдардың төрт ұлы Сәдуақас, Тәттімбет, Бекбала, Бекжан, және Ханшайым, Жамила, Ұлмекен атты қыздары бар. Бекбала деген баласы өлең айтып, күй тартады. Содан Шағдар Тәттімбеттің күйін, Ақбаланың «Ұлмекен» деген күйлерін тартқанда маған неге күй шығармайсыз деп өтінеді. Бекбалаға арнап «Шалқыма» күйін шығарады. «Шалқыма» күйінің құрылысында Шағдардың басқа күйлеріне қарағанда өзгешелік бар. Күй ортанғы буыннан басталады.

Шағдардың «Анама» атты күйі өз анасына арналған. Шешесі Ақбала күйлерін шаңқобызға салып «Сағыныш», «Өкініш» күйлерін тартатын. Құйма құлақ, тарихты терең білетін кісі болып, талай күйлерді жеткізген анасына арнап шығарған. Күй шертпе дәстүрінде тартылады.

Шағдарды жеңгелері "Еркежан" деп атап кеткен. Өйткені шалдың баласы болған. Бұл күйді сол жеңгелерінің ілтипатына арнап шығарған.

суретте Аякөз Нұрсұлтанова

Шағдар кейін Рахат деген кісіден күй үйренеді. Ол ұстазы жайында мына бір аңыз әңгімені айтқан еді. "Рахат күйші мектепте оқып жүргенде, бір қария шал ұстап алып, сен үйіңе барып домбыра тарт деп қуып жібереді. Домбыра тартайын десе, ағалары сабағыңды оқы деп, домбыраны тығып қояды. Содан түнде ұйықтап жатқанда әлгі қара шал Рахаттың көкірегіне домбыраны қойып, аяқ-қолын байлап кетеді. Домбыраға қандай құлып салса да ашылып, Рахат домбыраны бірден тартып кетеді. Осы жәйт Рахатқа домбырасын бермей жүрген ағаларының іс-әрекеті, сол ауылдағы бір шалдың түсіне енеді. Ол шал : "Біз сонау Арқадан бірге көшіп келген ел едік қой, сенің балаң домбыраны тартпаса, біз елге көшіп кетеміз" депті. Содан олар елден көшіп жатқанда: "Ойбай, анау Рахаттың домбырасын беріңдер, тартсын домбыраны" депті.

Шағдар бұл күйден кейін күй шығармай көп уақыт жүреді. Сөйтіп жүргенде 1961 жылы отау құрады. Сүйген жары өз көңілінен шығып Шағдар тартқан күйлерді түсініп, күйшіні қошеметке бөлеп, қадірлейтін парасат иесі болады. Жарына риза болған Шағдар "Ақ отау" деп күй шығарады. Күй аңызында: "Алған жарым күйімді түсініп, тыңдап маған көңіл бөліп, менің әке-шешеме қызметін жасап жүрген шағы, жарымның жүріс тұрысына тәнті болып осы "Ақ отау" күйін шығардым" дейді.

Шағдар Ақылбеков күй тарта жүріп, аты елге мәлім ірілі-ұсақты күйшілермен дәмдес болады. Солардың ішінде ол әйгілі күйші Жаппас Қаламбаевпен кездеседі. Бұл жайында күйші былай дейді: «1964 жылы Мақтарал еліндегі халық театры оркестрімен Москва қаласына концертпен бармақшы болды. Соған байланысты Алматыдан Жаппас Қаламбаев келеді. Оның күй тарту мәнері, Шағдарға өте ұнайды. Мен естіп өскен қариялардың барлығы күйді осылай тартушы еді. Жаппас Шағдарға біз Сүгір күйлерін киіз үйдің сыртынан тыңдап үйрендік дейді. Ол кісі сезіп қойса әй, мыналар тыңдап отыр екен ғой деп, тыңдап отырған жерімізден бұзып жіберетін" дейді. Біздің құйма құлақтығымыздан Сүгірдің күйлері осы заманға жетті ғой, әйтпесе жетпес еді дейді. Жаппас ақсақал сол дыбыстарды қобызға қалай түсірген десеңші деп таңырқады", - Шағдар.

Шағдар қаратаулық күйші Төлеген Момбековпен де дос болып, бірге күй тартысады. Екеуі 1974 жылы Алматы қаласына келіп алғаш күй табақтарын да жаздырып қалдырады. Осы жайында күйші былай дейді: «Бізді ол кезде белгілі күйші, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім үн таспаға жазып алды. Ал Төлеген Момбеков өзінің көңіл-күйіне байланысты өзінің «Салтанат» атты күйін бірнеше рет өзгертіп тартатын. Төлеген күйшімен де дос болдым дейді».

Жарқын Шәкәрім Ақбала күйші жайында былай дейді: "Өткен ғасырдың 70-ші жылдарына Шағдар алғаш Алматыға келді. Шағдардың саусағы салалы, қағысы өте құлаққа жағымды бір күй тартқаннан маған қатты ұнады. Қарақалпақ елді мекені күйшілерінің іліп тарту мәнері бар шебер күйші. Тарту шеберлігінде Мұхамеджан Тілеуханов, Дәулетбек күйші, Төлеген Момбеков, Уәли Бекенов, Сапаржан Торсықбаев сынды күйшілердің бел ортасынан орын алатын аса ірі тұлғалы күйші деп өз бағасын береді». Расында да, Шағдар ақсақалдың күй шертудегі мәнері ғажап, тасыр-тұсырдан ада, жібектей есілген дыбыс, қалыпты ырғақ. Бір кең далаға шығып даланың жұпар иісін жұтқандай боласың.

Шағдар күйші осы кезеңдерде, елден жырақ жүрген шақтарында елді аңсап қоштасу күйінің екінші бір бөлімі іспеттес «Елді аңсау» атты күйін, Қалжан деген досына арнап «Қимас достық» деген күй шығарады. Күй аңызында: Қалжан досы Шағдардың үйіне күніге келіп бір өмірден өтіп кететін адам сияқты күй тартшы деп, ықыласымен күй тыңдап Шағдардың үйіне келіп жүреді. Көп уақыт болмай ол кісі дүниеден өтіп кетеді. Осы күйін «Қимас достық» деп Қалжан досына арнайды. Шағдар күйшінің жасы қазір 74 – ті алқымдаған. Шағдар ақсақал күй тартқанда домбыраның құлақ күйін бостау етіп күйді сөйлете, айтатын ойын жеткізе орындау керек дейді.

 "Ақсақ тоқты мал басы,

Маңдайға біткен тұяқ еді.

Сол тұяқты көпсінгені,

Қасқыр шіркінге ұят еді"–

деп өзінің "Ақсақ тоқты" атты күйін шертеді. Күйдің ойнақы әуені мен жүрдек қағысы көңілді деп танытқанымен, саз-сарынында ойлы мұң бар. Алғашқы күйдің өзінен-ақ Ақбаланың өзіндік дара қолтаңбасы айқын аңғарылады.

Арада бірер жыл өткенде Ақбаланың жалға алған тайы қара жорға ат болады. Той-жиындарда көкпар бола қалса салымды қара жорға ат салады. Қолдың бабын көріп жетілген қара жорға небір қызық думанда Ақбаланың мерейін өсіріп жүреді. Бұл кезде Ақбала мен Күлән балалы-шағалы болып, тіршілік мұқтажы молая түседі. Содан, амал жоқ, жұрт аузына ілінген қара жорға атты Баратбек байға жүз тоқтыға айырбастауға мәжбүр болады. «Ерқанаты – ат» дегендей, бауыр басқан пырағынан амалсыз айырылған Ақбала толқу үстінде «Қара жорға» атты күй шертеді.

 

Нұрсұлтанова Аякөз 

Күйші-домбырашы

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1. А.Сейдімбеков. Қазақтың күй өнері. Астана, «Күлтегін», 2002 ж., 670-675 бб.

2. Илья Жақанов. Аққудай қонған айдын көл. Жұлдыз 1987 ж., № 2. 172-173 бб.

3. Күйші Шағдар Ақылбековтың жеке қорындағы материалдар.

4. Қазақ әдебиеті. 14 қараша 1986. ж "Ақбала күйші" Аралбай Хожабеков.

5. Достық газеті. 24 тамыз 1995 ж.

6. Достық туы газеті. 21 наурыз, 1992 жыл.

7. Бөрі Иса. Мырзашөл өңірінің күйлері. Шымкент. 2009 ж.

8. Түркістан газеті. Ақбала күйші,. 1997ж 14-20 қазан.

9. //Мәдениет, – 2008, – №04 (20) 18-19 б.

sal-seri.kz



ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ