Қобыз күйінің кемеңгері

20.04.2014, 10:11
89414 рет қаралды

18cc4f03c24ba3d6a9dd63ec217ac741

Қобыз. Қазақтың қара қобызы. Осы қобыз деген бір сөздің өзінде ғана қаншама күй, әуез, дыбыстық үйлесім бас қосқан сықылды.

Қазақтың қазақ исімен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан қасиетті қара қобыздың аты аталғанда тіл ұшына алдымен Қорқыт ата, Ықылас есімдері оралады. Қорқыттың жөні бір басқа. Ал Құрманғазы, Тәттімбет, Ақан сері, Біржан сал сынды алыптармен қазақ музыка өнерінің алтын ғасырын бірге жасасқан Ықылас бабамызға деген қалың қарындас ел ішінің ықыласы ежелден-ақ ерекше болғанымен, құдайдың оң көзі оған тәуелсіздік жылдарында ғана шындап түскен сияқты. Бәйгеге түсіп сан сәйгүліктің ішінде озып келген Қойлыбайдың қобызындай болып, ардақталған алыптарымыз бен арыстарымыздың мерейтойлары шеруіне Ықылас қобызы да қосыла құйғытқандай әсердеміз.

Құдіретті қобызшы сазгердің дүниеге келгеніне биыл 170 жыл. Ұлттық мәдениетіміздің осы елеулі оқиғасы тұсында Ықыласты танып білуге ежелден еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың бірі белгілі сазгер, жазушы, музыка зерттеушісі Ілия Жақановты еске алып қойғанның да артықтығы болмас. Ілекеңнің «Ықылас» аталатын үлкен романы оқырман қауымға тигелі ширек ғасырдан асты. Қазір де ұлы қобызшының кейінгі қияпатты өмірінен оқтын-оқтын тебіреністі новеллалар тудырып қойып жүр. Осыдан жиырма жылдың арысында, қобызшының 150 жылдығы қарсаңында «Рауан» баспасынан «Қобыз атасы Ықылас» жинағын құрастырып шығарған болатын. Сценарийін өзі жазып, өз әулетімен бірге өзі демеуші боп «Қазақфильм» студиясында «Ықылас» атты толық метражды деректі фильм түсірген еді. Белгілі суретші Мадияр Ысқақовтың ұлы қобызшы-күйшінің портретін жасауына кеңесші болғаны да жадымызда. Біздің де Ықылас туралы әңгімені Ілия ағадан тыңдауға ықыластанғанымыз осы себептен еді.

– Ілеке, Қорқытты аңызбен аялап, мың жылдан бері ұмыттырмаған, Ықыласты Ықылас музыкасының биігіне жеткерген қобыз емес пе. Осы қазақтың қыл шекті қара қобызының не құдіреті бар?

– Мынау байтақ тылсым дүние – табиғаттағы, жалпы жаратылыстағы мың-миллион дыбыстардың анасы – уіл. Адамның тілі, әуезді дауысы әуелі бесіктегі сәби уілінен бастау алады. Сұрапыл дауылға айналарда жел де ішін тартып, ұзақ-ұзақ уілдейді емес пе. Ал енді тек қазақ емес, жалпыәлемдік музыка білгірлерінің зерттеулеріне зер салсақ, барлық сиқырлы дыбыс, сазды әуен қобыз уілінен шығады, скрипка, виолончельдің, ысып, ызып ойнайтын аспаптардың бәрінің түпкі әуезі қобызда жатыр. Академик Әлкей Марғұланның еңбектерінде қобызды сонау оғыз заманынан сайратады. Мұның өзі қобыз одан да арғы көз жетпес көне уақыттарда жасаған деген ұғымға жетелейді. Шыңғысхан кезеңіндегі аласапыранды, Алтын Орданың құлаған қасіретін, ноғайлы елінің тоз-тоз боп ыдыраған налалы күндерін қазақтың абыз жыршылары қобызбен толғаған. Бізге жеткен Жанақ, Шөже жырлаған эпостық жырлар қобызбен айтылған. «Қозы-Көрпеш – Баян сұлудың» Жанақ жырлаған нұсқасындағы ғажайып ән «Ақ Баянға» қобызшы біткен таңдай қағады. Оған виолончелистер де іңкәр. Бұл – қазақтың әдеби-музыкалық фольклорында қобыздың өте әріден тартып айрықша орын алатын тағдырына жарқын мысал.

Ел аузында Қоянды жәрмеңкесінде күй тартқан жасөспірім Ықыласқа сү­йін­ген Жанақтың сөзі бар. Сонда қобыз­ды адамша сөйлеткен ұлы Жанақ­­тың өзі Ықылас қобызын тыңдап отырып: «Әй, Шөже, мына бір қобыз үні қайда кетіп барады, жарқыным?» дегенде, Шөже жұ­­лып алғандай: «Уай, құдай-ай, мен жаз­ғанда көз бар дейсің бе? Бұл қобыз­­дың үні көз жетпеске кетіп барады ғой» депті.

– Шөжекең шын әулие екен. Сонда ол Ықылас қобызының ғажайып үні қазақ сахарасының шеңберінен асып, әлемді шарлайтынын болжапты-ау.

– Оның рас. Ықылас музыкасы «міне­ки, қазағымның сазы» деп еш­кім­нен ұялмай, қайта мақтанышпен тың­датарлықтай әлемдік деңгейге шырқап шықты. Соған бір-екі мысал келтірейін. Қобызшы Сыматай Үмбетбаев Италияда Ықылас күйлерін тартқан кезде залдағы халық орындарынан тұра келіп қошемет көрсетіпті. «Бізде скрипканың пірі Пага­нини болса, шығыс елдерінде мына­дай ғажап аспап барын бірінші рет кө­ріп, біліп, тыңдап отырмыз», десіп таңданысыпты.

Осындай тағы бір ерекше оқиға Жапонияда болыпты. «Аққу» күйін қобызбен мөлдіретіп тартқан кезде жапондар алабөтен тебіренді, әсіресе, жерге отырып малдас құрып тартқанда керемет сүйсінді дейді. «Қандай ұқсастық! – депті олар, – Біз де аққуды киелі құс санаймыз. Осындай аңыз бізде де бар. Бұл неткен құдіретті аспап. Адамның, аққудың даусын осыншалықты дәл салатын аспапты біз білмейміз».

– Ілеке, академик Ахмет Жұбанов Ықыласқа тегіннен тегін ден қоймаған ғой. Қасиетті қоңыр домбырамыз сияқты, қара қобызымыз да қазақпен бірге жасап келеді, Алаштың алаш исі бар кезінде жасай бермек. Қобыз Ықыластан бұрын тартылды. Бірақ тек Ықылас тұсында қазақтың қобызға арналған күйі Алатаудай асқақтап, Атыраудай бұрқанып, Арыстанды-Қарабастай аруақтанып әлемдік өредегі классикалық деңгейге көтерілді емес пе?

– Сол Ықылас бабамыз 1843 жылы мамыр айында қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Жеңіс ауылы аумағында, Мұңлы тауының етегінде, Бүгіл өзенінің жағасында дүниеге келген. Атақты Ақан серімен түйдей құрдас. Қобызшының елі – Кіші жүз ішіндегі тама. Таманың Жөгі атты бір үлкен атасының Шақа деген тармағынан тарайды. Әлемдік музыка тарихында Бах пен Штраустар әулеті Батыс Еуропа музыкасының інжу-маржанын беріп аңызға айналса, қазақ сазгерлік үрдісінде Ықыластың қобызшылар әулетіне де қайран қалмасқа әддіңіз жоқ. Ол рухы зор, бір құдіретті дарын дарыған әулет. Қараңыз, Алтынбек, Дүкен, Ықылас, Түсіпбек, Ақынбай. Осы бір әулеттің бес музыканты – атасы Алтынбектен бастап, шөбересі Ақынбайға дейін бес адамның қолында бебеу қағып күй төккен киелі қобыз бүгінде қазақтың ұлттық аспаптық музыкасының ықылым заманнан келе жатқан бір арналы саласын классикалық, әлемдік талғам деңгейіне көтеріп отыр.

Ықыластың ұлы атасы Алтынбек бүкіл Арқаға белгілі қобызшы, зергер, ұста боп аты шыққан. Көп дәулет бітпеген, қоңыр ғана шаруасы болған. Ықыластың әкесі Дүкен де қобызға тіл бітіріп, ұсталық өнерді, там-тұм сауда-саттықты кәсіп еткен. Тұрмыстың таршылық-тауқыметінен қажыған бір сәтінде оны Тарақты Байғозы батырдың балалары өз қамқорлығына алып, оған Шәкі есімді ақылды, сұлу қызын қосады. Осы Шәкінің құрсағынан Ықылас, Жанас – екі ұл туған. Жанасы өнер қумаған, жай шаруа боп қоңыр тірлік кешкен. Әкесінің бойындағы қан қуалаған қобызшылық, зергерлік, ұсталық өнердің бәрі Ықыласқа дарыған. Ұлы күйші ескіше өте сауатты болған, өз елінің игі жақсы, байларына жол бастап Меккеге барып қажы атанған. Бұл – оның үлкен ұлы Түсіпбектің арқалы қобызшылығымен, күллі Арқа елін тәнті етіп, өнері арқылы дәулет жиып, құрығы ұзындап, аузымен құс тістеп болып-толып тұрған кезеңі.

– Осы Түсіпбектің тағдыры жайлы айта кетсеңіз, Ілеке?

– Ықылас кезінде әйгілі күйші шәкірттері Сүгір мен Әбікейге, өз ұлдарының ішінде Түсіпбекке ерекше пейілденген. Түсіпбек 1928 жылы байларды тәркілеу уақытысында ұсталып, Оралдың Бозтөбе деген жерінде түрмеде қайтыс болады. Ол көзі ашық, хатқа жүйрік, есеп-қисапқа зирек, фәни тіршіліктің парқын таныған ірі өнерпаз-ды. Ықыластың барлық күйлері біздің дәуірге, біздің ұрпаққа Түсіпбек өнернамасы арқылы жеткен. Күні кеше арамызда Ықылас күйлерін құдіреттендіре толғаған атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаев осы Түсіпбектен дәріс алған, оған лайықты шәкірт болған. Түсіпбектің орындаушылық шарапаты қобызды Дәулетпен бірге аңыратып шалқытқан сол тама елінің перзенті Жаппас Қаламбаевқа да тиген. Түсіпбек арқылы Дәулет пен Жаппастан жеткен Ықылас күйлері бүгінде қазақ музыка өнерінің асыл қазынасы, миялы мұрасы.

– Ілеке, Ықылас күйлерінің құді­реттілігінің сыры неде? Бастау-бұла­ғы қайда, тұнба-тұмасы қайсы? Дара­лығы неден дарыған?

– Ықыластың күйшілік болмысының кең тынысты классикалық, эпикалық сипат алып, хас шеберлікпен маржандай ызылып қалыптасуына ұлы атасы Алтынбек пен өз әкесі Дүкен толғаған алуан-алуан, әрқилы мазмұнды таңғажайып күйлер үлкен әсер еткен. Ол күйлердің бірқатары аңыз-ертегілерге құрылса, бірсыпырасына батырлық, ерлік тақырыптары арқау болған. Бағзы бірі лиро-эпикалық бітім түзген. Әрбір талантты, арқалы адамның ой-қиялының, жан сезімінің алаулап оянуына әсер ететін тылсым құбылыстың бәр-бәрін Ықылас өз шаңырағынан тапқан. Табиғат пен тағдырдың оған жомарттықпен тартқан үлкен сыйының бірі осы еді. Ол әріден келе жатқан «Аққу» күйін атасынан, әкесінен тыңдап өсіп, оны ержете келе кең тыныспен, терең оймен, асқақ шабытпен, нәзік иірімді үйлесті құйылыспен дамыта білді. Сол «Аққу» күйі Дәулеттің орындауында, кешегі Моцарттардың симфония­ларындай шалқып-тасып, ернеуден асып-төгіліп, қыл ішекті 12-13 минут мөлшерінде дірілдетіп бебеу қақтырады. Осы жалғыз күйдің өзі-ақ Ықыластың сазгерлік табиғатының, керемет тума талантының ұшы-қиырсыз кең жазирасын, мол мүмкіндігін айқара ашып көрсетеді. Күйдің әуендік құрылысы аңыз оқиғасына орай табиғи түрде келісті қисын тауып, шеті-шегі жоқ бай қиялдың сұлу һәм күрделі гармониясын жасайды.

Ықылас өнернамасындағы осындай симфонизм құбылысын бек жақсы түсінген әйгілі дирижер, профессор Алдаберген Мырзабеков «Қазан», «Жез­киік», «Ерден» күйлерін оркестрге түсірді. Ықыластың сазгерлік болмысының қалыптасуы, даралануы осындағы «Қазан» күйінен ерекше сезіледі. Бұл күй де оның қиялын бала кезінен әлдилеп тербеген Шора батыр жайындағы аңыздан туған. Алғашқы сазгерлік, күйшілік шабытының бастауы, желпіп дем берген есрафіл самалы болған «Аққу», «Желмая», «Абыз қобыз», «Саржан төре», «Айрауықтың ащы күйі», «Қорқыт» – осы туындылардың бәрі-бәрі оның өмірінің әр кезеңінде терең­деп, дамып, толысып отырған. Бұл күйлердің қатарында алғашқы тебі­реніс-толғағының бұлқынысы сияқты «Қасқыр», «Бозторғай» күйлерін атауға болады. Жігіттік дәурен, аға болған шағы, ойлы азамат боп өз ортасына, өмірге, қоғам сырына ойлана қараған кездерінде «Қоңыр», «Шыңырау», «Ерден», сондай-ақ, «Тоғыз тараудың» оқиғасы бай, мазмұны күрделі, ойлы-сырлы күйлері туған. Аталған күйлердің дені лиро-эпикалық, қаһармандық, қиял-ғажайып, арман тақырыптарын қамтиды. Ықыластың осындай эпик күйші болуы қазақтың ұлттық аспаптық музыкасына айрықша бір реңк, асқақтық береді, мазмұнын тереңдетеді.

Ықылас күйлерінің бесігі негізінен Сарыарқа болды. Жаз жайлауы, күзеуі – Арқа, қыс қыстауы – Шудың жағасы. Осы жерлерде көшіп-қонып жүріп Ықылас қобызының сарыны өзбек, қырғыз тумаларға да емін-еркін жеткен. Бүкіл Арқа қобызшыларын түгел жеңіп, бәрінен озып, бәрін шабыт тумасына тәнті қылып, ат аяғы жетер, құлақ естір жердегінің бәрін табындырып аты аңызға айналған Ықылас қырғыздың Шоң Кеминді, Кіші Кеминді жайлаған Сарыбағыш елінде атағы жер жарған Күреңкей күйшімен тартысып өнер жарыстырады. Сол тартыс-бәсекеде қырғыз қияғының қылы үзіліп, күй кілт тыйыла бергенде оны қазақ күйшісінің қағып алып қобызда жалғастырып іліп ала жөнелуі де сирек кездесетін, таңдай қақтыратын құбылыс. Қырғыздар әлі күнге дейін Ықаңның «Аққу» күйіндегі «Ей, Аққу-ай, барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау», дейтін аңыз сөзін ұмытқан жоқ. Қырғыздармен етене араласуынан Ықылас өзінің әйгілі, көп бағдарлы, тоғыз салалы «Тоғыз тарау» күйінің бір тарауы «Кертолғауды» және Күреңкейдің сұлу жары Қаншайымға арнаған күйін шығарған.

Бұл, әрине, қобызшы-сазгер өмірінің бір сәулелі кезеңі болатын.

– Ілеке, өзіңіз қобыз кемеңгері жайындағы романыңызға материал жинап жүргеніңізде Ықылас күйлері шығуының небір кенен тарихын зерен көкірек қарттарымыздан тыңдаған-ақ шығарсыз. Оның әр күйінде бір сыр, бір хикая, бір тарих жататыны рас па?

– Айтары жоқ. Мысалы, «Жезкиік» күйі шалқығанда көз алдыңа ұшы-қиыры жоқ кең дала, сағым ойнаған Бетпақтың жазығында жосыла ағылған толқын елестейді. Сол сайын сақарадағы сан мың киіктердің жойқын жүгірісі, дүбірлі шабысы сол қалпында күйге құйылып түсе қалғандай. Осыншама виртуоздық жылдамдықпен аңырата ағылту тек классиктердің, Моцарттардың, әйтпесе, Құрманғазының ғана қолынан келетін ғаламат. Ал енді «Жезкиік» деген атаудың өзі қайдан шықты десек, оның жайы былай. Жаңаарқада Бесау, Ұңғылақ деген киік жайлаулары бар. Сексенінші жылдардың басында сонда мыңдаған киіктердің лақтап жатқанын мен өзім көрдім. Мергендерден, неше түрлі қауіп ойлататын сұқты көздерден қорғау үшін ана-киік бейнебір жамандықты жасқағандай, лағының үстінен күнге шағылыса олай бір, бұлай бір орғып секіреді екен. Сөйтіп, олар ағылып кетіп бара жатқанда жарқырап заулаған жез сияқты болып көрінеді. Киіктің жаңа туған лағының жезкиік деп аталуы сондықтан. Осы ғажап құбылысты құйқылжытқан Ықылас күйінің үлкен симфониялық құпиясын ашқан адам атақты дирижер Алдаберген Мырзабеков болды. Ол осы «Жезкиік» күйіне симфониялық увертюра жазды. Бұл музыкалық туынды қазір бүкіл Қазақстанда симфониялық шығармалардың ішіндегі кәдімгі концерттік телегей-теңіз гимнге айналды. Міне, қайда Ықыластың құдіреті!

Осыған орайлас тағы бір әңгімені 1971 жылдың ақпанында Құлыншақ деген өзінің немере туысының үйінде Ықыластың Дүйсебай деген баласының ұлы, тұңғыш немересі Ермекбай, одан сәл үлкенірек Ілияс ақсақалдардан естіп едім. «Ілия, шырағым, осыны ұғып ал. Осы әңгімені миға сақтамасаңдар ешуақытта өтелмес қарыз болып мойныңда қалады», дейтін сонда жарықтық қазына қарттар.

1915 жылдың қыркүйегінде тамалар Арқадан Абылай хан кесіп берген Шу бойындағы Ұланбелдің Жайлаукөлге ұласқан тұсындағы қыстауына көшіп бара жатады. Шуға екі көш жер қалғанда көштегі Ықылас ауылы айдаладағы тақырдың шетінде бейсауат жүрген боз інгенді көреді. Ықаң: «Мен осы жануарды былтыр да көріп едім. Мұнда бір сыр бар. Бұрылып байқастайықшы» дейді. Бұлар жақындаса, түйе айбат шеккендей, наразы-наза күймен қарсы жүгіреді. Құрықпен қаумалап жүріп түйені ұстап алады. Аруананың тастап кете алмай айналшықтап жүрген ақ шеңбердің ортасында кішкене қозы сияқты қарайып жатқан нәрсе ботасының сүйегі екен. Өзі ауырып жүрген Ықылас сол сапардан қатты күйзеле тебіреніп, інісі Жанасқа: «Мына түйе сенің қолыңда болсын. Ұйықтап кетсем, арулаған сүйегімді осы түйеге артарсың», деп аманат айтады.

Қыстауға да келіп қонады. Ел ішінде түйе туралы гу-гу әңгіме. Содан ақпан айының шайдай ашық бір күнінде науқастанып жатқан Ықылас қобызын алдыртып, шалқалаған қалпында басын ептеп қана көтеріп, жиылған жұрт алдында ешкімге таныс емес жаңа бір күйді сызылтады… Шіркін дүние, бүлкілдеп өте шығады екенсің, есікті ашып-жапқан сияқты, қамшының сабындай ғана қысқа өмір екенсің. Сол қысқа өмірде ақ бас атан ботасына мейірім төге тапырақтай ойнақтап жүгіргенінен басқа не қызық көрді? Осылайша боз інгеннің ботасына деген махаббатын ағыл-тегіл аңыратқан қобыз бір уақытта қолынан сылқ етіп түсіп кетеді. Ұлы қобызшы сөйтіп бұл дүниеден өтіп жүре береді. Ақырғы демімен бірге аңыратып тудырған соңғы күйі «Бозінгенді» Ақынбай деген ұлы ұстап қалыпты.

Ықаңның сүйегін, өзі өсиет еткендей, жаңағы ақ бас атан боз інгенге артып бақиға аттандырады. Маған осы әңгімені айтып отырған, сол кездегі алты жасар немересі Ермекбайға қалың қарда түйені жетектетіпті. Жаназасын шығарып, жетісін, қырқын беріп, келер жазда Арқада жұрт жылдық асына жиналып жатқанда жап-жас Сүгір күйші: «Мен Ықаңның «Бозінгенін» домбыраға лайықтап бұрдым ғой. Ақынбайдан үйренгенім. Соны бір тыңдап көріңіз­дерші», деп тартқан екен. Осылай Сүгір­дің домбырадағы «Бозінгені» дүниеге келіпті. Қобызда Ықыластың «Аққуы», домбырада Сүгірдің «Аққуы» бар. Қобыз күйінің лебі домбырада басқаша түрленеді. Басқаша бояу-өрнек, өзгеше мәнерлі шертіспен шығады. Жаңағы дүние жалғанның пәлсапасын толғаған «Бозінгеннен» өрбітіп айтсам, Ықылас пен Сүгірдің арасында ине мен жіптің сабақталғанындай керемет бір байланыс бар. Айналып келгенде бұл да Ықылас құдіретін танытады.

– Ілеке, «қазақтың бір жаны домбырада» демекші, домбыра күйле­рінде небір дәулескерлер бар. Әріден қозғасақ, Кетбұға… одан беріде Бай­жігіт, Бейсенбі, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Тоқа… Қобызда мұндай кемеңгерлеріміз көп емес. Ал Ықылас қайсысымен иықтас, деңгейлес? Рухы, табиғаты, сазгерлік бітім-болмысы қайсысына жақын?

– Ықыласты күй өнеріміздегі, өткен­­­де­гі музыка мәдениетіміздегі бұл ірі тұл­­ға­лардың ешбірімен салыстыруға болмайды.

– Неге?!

– Ықылас Қорқыттан өзіне дейінгі мың жыл аралығындағы уақыт кеңіс­тігінде көне аспап – қазақтың қара қобызын сақтап қалған, қобыздың қа­сиет-киесін қайтадан өзіне қайтарып берген, қобыз күйінің өресін, өрісін, диапазонын кеңітіп, байытып, биіктетіп, соған лайық терең симфонизм болмысын қалыптастырған бір өзі бір музыка әлемі, аса сирек құбылыс. Ол қазақтың қобыз өнерінің жиынтық бейнесі, оның біртұтас табиғатының кемел көрінісі. Тіпті, мәселе оның аламан додада жеке шабуында, дарабоз жаратылысында емес, оның толғаған күйлерінің өте күрделі құрылыс түзуінде, музыканың ғұлама мамандарын бейнебір музыкалық ілім-білімді түгел тауысқандай тамсандыруында. Ықылас дегеніміз – қазақтың қобыз музыкасы, ал қазақтың қобыз музыкасы Ықылас өнернамасында жатыр.

– Ықыластың замандастары тура­лы не айтасыз? Ол кімдермен аралас­ты?

– Ықыластың жастық дәурені күні еңкейіп бара жатқан Жанақ еді. Оның эпикалық жырларға қобызбен жасаған құдіретті сүйемелін Шөже жалғастырды. Оған Балақай бақсының қобыз сарынын қосыңыз. Ықылас қобызын Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Біржан сал, Ақан сері, Қанғожа қобызшы, Жаяу Мұса, әнші Айтбай, Бүркітбайдың Мұстафасы, Орынбай, Арыстанбай, Тоғжан ақындар тыңдап сүйінген. Ол Құнанбай, Ал­­­шын­бай, Қоңыр төре, Құсбек төре, Ер­ден-Дүзен, Аққошқар-Сайдалы, басқа да жақсы-жайсаңдар алдында лекітіп күй тартқан. Ұлы сазгер қобызы Қоян­ды, Қызылжар, Тайынша, Болатнай, Ат­басар, Қараөткел, Әулиеата, Тоқмақ жәр­мең­келерінде күй шалқытқан. Сондай-ақ, сол кездегі орталықтар Омбыда, Ақмолада, Көкшетауда ірі жиындарда ояз-ұлықтар тамашалаған байқауларға қатысқан.

– Ал енді, қазірде Ықыластану жайы қалай? Мың жылдан да әрі­дегі Қорқыттан кейінгі бірден-бір қобыз­шы-күйші бабамызға деген құрмет мәселесі нендей күйде?

– Қобызшының сазгерлік болмысын жан-жақты ашу орайында Сәкен Сейфуллин, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов және басқа да зерттеушілер қалам сілтеді. Осының баршасында азаматтық бейнесі, талантының сирек құбылыс екендігі айтылады. Бір жұбаныштысы, ол кезінде заман мен тағдыр тәлкегіне ұшыраған Біржан сал, Құрманғазы, Ақан сері, Мәди, Жаяу Мұса, Иман-Жүсіптер сияқты қайғылы ғұмыр кешкен жоқ. Күйлері қуғын көрген жоқ. Солай болса да даңқы алысқа кетті. Бұл оған тағдырының, жазмыштың тартқан сыйы шығар.

Даңқының алысқа кетіп, дүйім дүниені шарлай бастағанына бір дәлел. Аяулы Ақселеу Сейдімбектің ізерлеген себепкерлігімен өз есімі берілген көне аспаптар мұражайы алдында осыдан 20 жыл бұрын өнерпаз бабаның 150 жылдығына бағыштап ас берілген еді. Сонда асқа келген Иран елшілігінің қызметкерлері «Екінші Қорқыт бабамыз» деп отырғаны күні бүгіндей көз алдымда. Шынында да қазірде Ықылас қобызы дүниенің төрт тарабына жеткен қобыз.

Ықыластай біртуар өнерпазымызға деген шынайы құрмет еліміздің бостан заманында паш етілді. 150 жылдығы кеңінен, керемет дерліктей аталып өтілді. Өзіміз соның басы-қасында жүрдік. Ол Алматыда басталып, Сарысу мен туған жері Жаңаарқада жалғасты. Алматыда Ықылас атындағы мұражайда тойды түйіндеген үлкен ғылыми жиынды академик Серік Қирабаев басқарып отырған-ды. Осы Ықылас музейі қазір тамаша рухани-мәдени орталыққа айналды. Ұлттық рухтың бір ұстынындай, қазаққа, халыққа керек нәрсе ол.

Кіндік қаны тамған Жеңіс ауылында, одан соң Жайлаукөлде Ықылас ескерткіші орнаған. Бұрынғы Байқадам, қазіргі Саудакентте мәрмәрдан соғылған кесенесі көз тартады. Сонымен бірге, осын­дағы өз атындағы музыка мекте­бінің алдында кеудемүсіні тұр. Астанада да Ықыластың атына үлкен көше берілді. Таразда Бөрібай Жек­сем­бин деген азамат әкім боп тұрған кезінде сондағы теміржолшылар сарайын саң­ғыратып жөндетіп, алдына қобызшы баба­ның еңселі ескерткішін қойып еді. Бертінде сол сарайда Ықылас атындағы қобызшылар конкурсы өткізілді. Қазақ музыкасының Ықыластай алыбына деген осындай құрмет биылғы 170 жылдығы тұсында да, одан арғы келешекте де жалғасын табарына кәміл сенемін.

Әңгімені түйіндей келе айтарым: Ықылас қазақ халқының бүгінгі бос­тан ұрпағының да екінші Қорқыт бабасы, қобыздың Құрманғазысы. Қобыз күйі кемеңгерінің дүйім дүние таныған өнернамасы халқымен бірге мәңгілік жасай бермек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

2013 жыл

ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚОСУ