ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫНЫҢ КҮЙ ӨНЕРІ

20.04.2013, 14:32
130603 рет қаралды

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫНЫҢ КҮЙ ӨНЕРІ 

 

            Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрі аймақтық жағынан кең ауқымды қамтиды. Осы орындаушылық дәстүрге еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Алтай,Тарбағатай, Шыңғыстау, Шұбартау, Аякөз өңірлерінің, сонымен қатар Қытай халық Республикасының Шығыс Түркістан, Монғолияның Баян-Өлгей аймағы қазақтарының күй мұралары жатады. Бұл еңбекте негізінен Қазақстанның шығыс өңірі мен Қытай халық Республикасының Шығыс Түркістан аймағының домбыра күйлері алғаш рет топтастырылып, жинақталып отыр. Ал, Баян-Өлгей қазақтарының күйлері өз алдына зерттеуді, жинақтауды болашақта қажет етеді.

 Еліміздің шығыс өңірінде қалыптасқан домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады. «Ерте заманда домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер, жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал, жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап, «құдірет-ау, құдірет»- деп жалбарынумен болыпты.

Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады. «Бүйтіп зарлап жүре бергенше талпынып тірлік етіп көріңдер» - деді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде - оң қанат екіншісінде-сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Жер беті дөңгеленіп төменде қалады. Қос тауқұдіреттің қанаттарын жел сүйемелдеп, көк жүзінде рахаттана самғайды. Сонда көңілдері шаттанған қос тауқұдірет қуаныштарын жасыра алмай құдірет-ау, құдірет мұныңа да шүкірлік – деп тәңірге ризашылықтарын білдіріпті. Осы туралы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек» поэмасында былайша суреттелген жыр жолдары бар:

 

Сыңар қанат екі құс жаралыпты жалғанда,

Бір-біріне жабысып алады екен самғарда.

«Құдірет» - деп екеуі зарлайды екен толассыз,

Бірінің – оң, бірінің- сол қанаттары болғанда.

 

Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытып еді дейді.

Осы оқиғаға куә болған домбырашы «қос қанат бірігіп еді-ұшты, егер домбырада қос ішек болса ше?» - дейді де, екінші ішек тағып көреді. Сонсоң, қос ішекті домбырасын тартып көрсе, ғажайып үн шығады дейді. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. Тауқұдіреттің алғашқыда қалай қиналғанын, «құдірет-ау, құдірет»- деп тәңірге қалай жалбарынғанын, сонсоң қолдаса ұшып көкке самғағанын күй тіліне салады».[1]

            Бұл аңыздың желісі домбыраның қос ішегінің қалай пайда болғандығы жөнінде сыр шертеді. Домбырашы Бағаналы Саятөлековтың орындауындағы «Тауқұді-рет» күйі шынында да өте қарапайым, күйдің көне үлгісі екендігін аңғартады және кейбір тұстарында құстың шаңқылы тәрізді, қос ішекті домбырадан обертондар арқылы жаңғырып үшінші дыбыс шығып тұрады. Шығыс Қазақстан өңірінде көне архаикалық үлгідегі аңыз күйлер молынан сақталған. Әсіресе теріс бұрауда тартылатын «Шыңырау», «Аңшының зары», «Самұрықтың зары», «Ақсақ қаз», «Ақсақ марал» т.б. күйлер аңыз-әңгімелермен астасып жатқан көне жәдігерлер. Ал, XIII ғасырдан жеткен тарихтан белгілі ескі күйлердің бірі - «Ақсақ құлан». Қаһарлы Шыңғысханның заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» күйі сол кездегі Найман тайпасынан шыққан ержүрек батыр, ақылгөй би, дәулескер күйші Кетбұға есімімен тығыз байланысты. «Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтайынан Маңғыстау түбегіне дейінгі кең байтақ далада дерлік тартылып күні-бүгінге дейін жеткен. Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің көптеген варианттары тартылады. Күйдің аңызы бойынша Шыңғысханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болса, кейде Жошының баласы өліп соны ханға естірткен болады. [2] Кейінгі табылған тарихи деректерге қарасақ Кетбұға күйші Шыңғысханның немересі Құлағу ханның әскери қолбасшысы болып, Мысырда қаза тапқан. Осыған қарағанда аңыздағы Жошыға баласының өлімін естіртуі шындыққа жақындайды. Әрине бұл тарихи тұрғыда нақтылауды, зерттеуді қажет етеді. Ал, Бағаналы Саятөлековтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйі әуендік жағынан өте қарапайым «Балаң өлді Жошы хан» – деген сөзді баяндау, естірту, негізіне құрылған. Күйдің әңгімесі баласының өлімін Жошы ханға естірту жөнінде айтылады.   

Шығыс Қазақстан домбыра күйлерінің тағы бір бөлігі қазақ пен қалмақ шапқыншылығы дәуірінен көрініс беретін тарихи туындылар. Оған «Қорамжан», «Ащы күй», «Ана зары», «Сары өзен», т.б. күйлер жатады. Сонымен қатар авторлары ұмытылып халықтық туындылар болып кеткен «Беласар», «Бұлғын-Сусар», «Балжыңкер», «Жалқы жігіт», «Салкүрең», «Телқоңыр» сияқты аңыз-әңгімесімен, шығу тарихымен ерте замандардан жеткен халық күйлері өз алдына бір төбе. Шығыс Қазақстан күйшілік, домбырашылық дәстүрінің, жалпы қазақ күй өнерінің шертпе күй саласының дамуына, көркейуіне мұрындық болған күйші - Байжігіт. Абылайхан заманында өмір сүрген Байжігіт 300 күй шығарып күй перісі атанған. Байжігіт (шамамен 1705 жылы туған) өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға. Артына мол мұра қалдырған өнер иесі Байжігіттің тәлім алған ұстаздарының бірі – Сары Нияз төре деген күйші адам екен. Байжігіт 13-14 жас шамасында киіз үйдің сыртында отырып, іштегі отырған, сол кезде елге атақты Сары Нияз төремен күй тартысқа түседі. Өзімен күй тартысқа түсіп отырған күйшінің орындаушылығына риза болып сыртқа шықса, жап-жас бала екендігін көріп қайран қалады. Осыдан бастап Сары Нияз Байжігітті шәкірт қылып домбырашылық өнердің барлық құпия сырына қанықтырпты. Байжігіттің Қуандық деген шәкірті болған. Ел ішінде Қызылмойын Қуандық дейді екен. Байжігіттің күйлерінің барлығын тегіс тартып, өз жанын да күй шығарған Қызылмойын Қуандықтан заманында Кенжебай деген шәкірті болыпты және атақты Тәттімбетте күй үйреніпті. 3

Байжігіттен бері жалғасып келе жатқан осы орындаушылық дәстүрді әуендік, мазмұндық, көркемдік жағынан байытып, биік өреге көтерген аты иісі қазаққа мәшһұр бірегей композитор Тәттімбеттің есімін ерекше атаймыз. Тәттімбет күйлерінің орындалу мәнері, әуендік, құрылымдық ерекшеліктері жағынан қарайтын болсақ сөзсіз Байжігіт күйлерімен үндесіп жатқандығын байқауға болады. Терең ойға, философиялық толғамға толы шертпе күйлердің үздік үлгісі Тәттімбет туындылары болып саналады.4

Шығыс Қазақстан күйшілік өнерінің бір бөлігі Шығыс Түркістан өңірінде дамыған. Алтай-Тарбағатай, Іле аймағына дейінгі аралықты қамтиды. Шығыс Түркістан күйшілік дәстүрі екі мектептен тұрады. Алтай және Тарбағатай күйшілік мектебі. Алтай күйшілік мектебі пентатоникалық үндестікке жақын, ал Тарбағатайлық күйшілік мектеп диатоникалық дыбыс қатарына құрылған. Алтай күйлері көбінесе құрылымдық жағынан көбінесе транспозициялық формаға құрылса, Тарбағатайдың домбыра күйлері әуендік, біртіндеп құбылмалы (варияциялық) даму жүйесіне құрылған. Алтай күй мектебінің өкілдері Бейсенбі, Шақабай Шалап, Мүкей, Тайыр Белгібайұлы. Ал, Тарбағатай күйшілік мектебіне Қайрақбай, Бәзғалам, Бейісбай, Кәсімбай т.б. күйші-композиторлар жатады.  

Шығыс Қазақсатан күйлерінің ескі нұсқаларының сақталған аймағы Шыңғыстау өңірі - Абай елі. Белгілі ақын, композитор, әнші Шәкір Әбеновтың орындауында халық күйлерін кезінде Б. Ерзакович, Т. Бекхожина сияқты музыка зерттеушілері жазып алып, «Қазақ музыка фольклоры» атты жинаққа бірқатарын жариялаған болатын. Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың «Тор жорға», «Май түні» деген күйлерін белгілі  күйші, зерттеуші Уәли Бекенов, Ғайса Сармурзиннен жазып алып жариялап, сонымен қатар орындап, насихаттап та жүрді. Осы жинаққа шұбартаулық домбырашы Жүнісбай Стамбаевтың орындауында Абайдың «Майда қоңыр» күйі алғаш рет жарияланып отыр. Бұл күй Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми зерттеу лабораториясының қорында сақталған. Сол сияқты Абайдың немере інісі болып келетін Шәкәрім Құдайбердіұлының да күйлері бар екендігі жөнінде кейінгі кездері айтылып жүр. Абайдың ақын шәкірттерінің бірі әнші - композитор Әсет Найманбайұлының «Кертолғау» деген күйін бізге Қытай Халық Республикасынан келген күйші Мұқаш Таңғытұлы жеткізіп отыр.

Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі күні бүгінге дейін үзілмей жалғасын тауып келе жатыр деп айтуға болады. Бағаналы Саятөлеков, Мәсіғұт Тәтенов, Тайыр Белгібайұлы, Кәсімбай Құсайынұлы, Уәли Бекенов, Қазен Әбуғазыұлы, Әділбек Атығаев, Мұқаш Таңғытұлы, Ұран Ақатайұлы т.б. күйшілердің шығармалары осы орындаушылық дәстүр-дің ізімен туындаған күйлер.  

Шығыс Қазақсатан домбыра күйлері жөнінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесінде» еңбегінде алғаш жазып Тәттімбет шығармашылығына тоқталған болатын. Шығыс Қазақстан күйлерін жинақтап, зерттеп, тартып насихаттау жолында күйші, зерттеуші Уәли Бекеновтың сіңірген еңбегі айрықша. Осы орындаушылық мектептің күйлері мен күйші-композиторлары туралы «Күй табиғаты», «Күй керуені», «Шертпе күй шеберлері», атты еңбектерінде көп деректер жазып, бірқатар күйлердің ноталық нұсқасын беріп елеулі еңбек сіңірген. Сонымен қатар өнертанушы, ғалым Талиға Бекхожина да бұл жөнінде көп еңбек етті. Зерттеуші, ғалымның еңбектерінде жазып қалдырған мәліметтері құнды дүниелер болып саналады. Күйші, зерттеуші, профессор А. Тоқтағанның «Күй керуені», «Күй қастерлі әуез», сондай-ақ домбырашы А. Райымбергеновтың «Күй қайнары» күй жинақтарында осы аймақтың бірнеше күйлері жарияланған болатын. Сол сияқты С.Бегалин, М. Мағауин, А. Сейдімбеков, Т, Әсемқұлов т.б. жазушы ғалымдар осы орындаушылық мектеп жөнінде құнды деректер жазып қалдырған.     

Мұрат Әбуғазы

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының

аға оқытушысы, күйші, зерттеуші.

Материал Мұрат Әбуғазының "Шығыстың шыңырау күйлері" кітабынан алынды.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

[1] А. Сейдімбек. «Қазақтың күй өнері».

   Астана «Күлтегін» 2002ж, 193 бет.

 

3 Қазақтың халық прозасы,

  Ғылым. 1984ж, С. Қасқабасов, 131 бет.

3 М. Мағауин. Күй иесі-Байжігіт. «Жұлдыз» журналы. 1976ж № 9 саны. 180 бет.

4 У.Бекенов. «Күй керуені». «Өнер» 2002ж, 21 бет.

Тайыр Белгібайұлы жайлы мақаланы оқу

Үш ішекті домбыра жайлы мақаланы оқу

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНІҢ ӨКІЛДЕРІ:

Әшім Дүңшіұлы

Бағаналы Саятөлеков

Қабыкей Ахмерұлы

Дәулет Халықұлы

Кәсімбай Құсайынұлы

Қизат Сейтқазин

Ғабдылқақ Барлықов 

Жарқын Шәкәрім

ПІКІРЛЕР

    • Рүстем
    • 20.05.2013

    Бір түсіне алмай жүргенім бар. Әншілікте Семей өңірін Арқа дәстүріне қосса, Күйшілікті Шығыс Қазақстан дәстүріне қосады? Жауап беретін біреу табыла ма?

    • Көкбалақ
    • 22.05.2013

    Өмке жарайсың! жобаң керемет екен. Ұлттық ән-күйдің нәсихаты осылай жасалуы керек.

    • blt
    • 01.06.2013

    murat bawer xinjianggha kelmeysingbe?

    • erbahet
    • 01.06.2013

    tamaxa an kuy der eken halay tusirip alamez

ПІКІР ҚОСУ