ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК ДӘСТҮРІ

 

Жетісу өңірінің күйшілік мектебінің қалыптасу эволюциясы назардан тыс қалып келе жатқаны осы тақырыпты таңдап алуымызға себеп болды.

Тамырын тереңнен тартатын Жетісу күйшілік өнері қаншалықты зерттеу айналымынан қалыс қалғанымен, осы күні өз алдына жеке мектеп болып бөлініп, зерттеуші ғалымдардың зерттеу нысанасына айналып отыр.

Еліміздің Жетісу өлкесінде ертедегі аңыз күйлермен қатар авторлары ұмыт болып, ел арасында сақталып қалған халық күйлерін кездестіруге болады.. Мысалы: «Бозінген», «Аққу», «Аққудың зары», «Жеті атан – ерке атан», «Мұңлық – Зарлық», «Жетім қыз», «Жетім бала», «Жиренше шешен», «Тепеңкөк», «Шұбар киік», «Ақсақ қыз» сияқты көне күйлер ерте дәуірлерден сыр шертеді.  Аталған күйлердің шертпе дәстүріне көбірек ұқсастығына байланысты Жетісу  күйлерінің  шертпе және аралас стильде келетінін айта аламыз.

Ал шертпе дәстүрі мектептерінің орындаушылық ерекшеліктері қазіргі кезде толық зерттелген жоқ. Бізге күйлері белгілі болып қалған  Байжігіт, Тәттімбет, Сүгір, Тоқа, Әбді, Әлшекей, Қыздарбек, Аққыз, т.б. күйшілік өнер иелерінің аймақтық орындаушылық үрдістеріне ортақ және өзіндік қолтаңбаларын анықтап, айқындауды қажет ететін бағытта көп жұмыс атқару керек..

Өзге күйшілік өңірден Жетісу дәстүрін айшықтайтын ерекшелік – оның Шығыс күйшілік дәстүрімен өзектестігі. Жер жағдайы ұқсас, Алтай мен Алатау аралығында үзілмей, іркес-тіркес жалғасқан тау сауырын қоныстанған елдің мәдени кеңістігі ортақ болғандығы байқалады.

Жетісу өңірінде ауыз әдебиетін жүйелі түрде жинап, көптеген зерттеулер, мақалалар жазған, – қазақ елінің жазба әдебиетінің басында тұрған ақын, жазушы, фольклорист, осы өңірде туып өскен Ілияс Жансүгіров. Ол «Ән-әншілер жайында» атты мақаласында әндердің, әншілердің бірнеше мектептерге бөлінетінін жаза келе, Жетісу өңіріндегі әндердің өзгешелігін айтады. І.Жансүгіров «Күйші»       поэмасында көне күйлердің аттары, аңыздарымен бірге, Арқаның күйшісі Тәттімбеттен бастап Жетісу, Шығыс Қазақстанға кеңінен тараған күйші-орындаушыларды атап өтеді.

Жетісу, Шығыс Қазақстанда аты аңызға айналған қобызшы – Молықбай күйшінің поэмаға өзек етіп алған. Бұл өңірде тараған  «Аққу»,  «Бозінген»,  «Жауласқан ноғай-қазақ», күйлерімен бірге Талдықорған уезі, Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсопа, Егеубай, Молықбай) тартатын жүзден аса күйлерінің тізімін атайды. І.Жансүгіров жазып кеткен күйлердің біразы қазірге дейін жетіп отыр.

І.Жансүгіров жазып кеткен Молықбай күйшіден әріге бара алмауымыздың себебін әлі іздестірудеміз. Оның орындаған “Бозінген” күйі шертпе дәстүрінде кеңінен қанат жайған көне күйлердің бірі. 

Молықбайдың «Бозінгенін» сонау Созақта Сүгір, Төлеген Момбековтер орындайды, олай болса, «Бозінген» өнер адамдарының өзара өзектес байланысының нәтижесінде  туған дүние екені айдан анық. Күйді сыбызғымен де орындайды..

Сонымен Молықбай, Байсерке, Қожеке, Бердібек, кейінгі буын Темірбек Ахметов, Нұрғиса Тілендиев (дирижер, композитор, күйші), Мәлғаждар Әубәкіров (домбырашы, педагог, дирижер, композитор),  Жамағат Темірғалиев (дирижер, сонымен қатар домбырашылық өнері де бар) секілді тұлғалардың есімдерін атай келе, өңірлік ерекшеліктерге қарап күйшілік өнердің замануи даму үрдісіне сай дамығанын байқаймыз.

Нұрғиса Тілендиев қандай да бір күйді қазақ халық аспаптар оркестріне өңдеп орындауда қазақ музыка тарихында алдына жан салмаған, ал Мәлғаждар  Әубәкіров күйлердің аутентикалық орындалу үлгісіне көп көңіл бөлді. Жамағат Темірғалиев Нұрғисаның жолын қуған ізбасары, олардың стильдік ұқсастықтарын баса айтуға болады.

Күйшілерді саралай келе, дәулескер күйші-композиторлар – Байсерке Құлышұлы және Қожеке Назарұлы есімдерін ерекше атап айтуға болады. Қожабек, Сатқынбай, Қатшыбай, Темірбек Ахметов арқылы бүгінге жалғасып келген Байсерке күйшінің көп мұрасынан, өкінішке қарай, кезінде жинақталып, жазылып алынбағандықтан, көз жазып қалып отырмыз.

Осы бір ұлан-ғайыр күйшілік мектептің жұқанасындай болып Байсеркенің «Ұран күй», «Толқытатын күй» деп аталатын туындыларын бүгінгі ұрпақ орындап жүр. Жетісу күйшілік өнері дегенде, Байсерке күйшінің шығармашылығына қатысты «Ғасырлар пернесі» еңбегінде алғаш А.Жұбанов сөз қозғаған болатын. Бүгінде жас буын ғалымдар Ербол Үсенбаев, Базаралы Мүптекей, Мұрат Әбуғазылар арнайы ғылыми жоба ретінде зерттеу жұмысын жазды. Олар Жетісу күйлерінің жанрлық-стильдік ерекшеліктерін саралап, жан-жақты аша алды.

Базаралы Мүптекей Жетісу күйшілік мектебін Шыңжан өлкесінде тұратын қазақ диаспорасының күйлерімен сабақтас екендігін зерттеді. Жетісу өңірінде көзге ерекше түсетіні – Қожеке Назарұлы бастаған домбырашылық үрдіс. Қожеке күйші Жетісудың төрі Қарқара жайлауында дүниеге келген. Қожекенің өмір сүрген заманы аумалы-төкпелі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағынбаған Қожеке тағдыр тауқыметімен Қытай асып кетеді. Ол жақта да қиын өмірді бастан кешіп, ақырында озбыр заманның саяси құрбаны болған күйші мұрасы бүгінге өзінің ұрпақтары Рақыш, немерелері Шаңия мен Тұрсынғазы, Ясын, жиені Орынбек арқылы жетті. Қазақтың тамаша күйшілік мектебін орнықтырып кеткен ұлы күйшілердің шығармашылығын барлағанда – әуені мен тартысына қарап қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады, өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір сарындар сол топырақтың  меншікті мақамына айналып кеткен, күй қай аймақта, қай уақытта туса да қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан. Әрбір аймақтың тілінде, киімінде, қолөнері мен тұтынатын заттарында сол жерді мекендеген елдің қауымдық ерекшелігіне тән айырмашылықтар болатынын этнографтар да жоққа шығармайды, алайда, бұл факторлардың ұлт мұрасының тұтастығына нұқсаны жоқ, керісінше, мәдениетіміздің байлығы мен байтақтығы болып саналады.

Жетісудың күйшілік өнеріндегі күй құрылымы көне аңыз-күйлерден бастау алып, оларға тән көптеген бейнелеу тәсілдері («Аққу», «Бозінген», Шұбар киік», т.б.) мен орындаушылық ерекшеліктері қалыптасқан. Бұл музыкалық бейнелеулер халық күйлері мен күйшілердің шығармаларында ең көне ұғымдармен сабақтасып, өзіндік ерекшеліктерімен айқындала түседі.

Жетісу күйшілік мектебінің негізгі сипаттамасын, өзге күй мектептерінен айырмашылығын музыкалық даму тұрғысынан тап басып айту едәуір қиындық туғызады. Себебі, бұл мектептің күйлерінде Арқа, Қаратау, Алтай, Сыр сарындары аралас кездесе береді, күй шалу машығында төкпелетіп тарту да бар, солай бола тұра күйдің дамуы шертпе шеңберінен шыға қоймайды.

Жетісу шертпесі пентатоникаға бейім, күйдің техникалық орындалуы көрнекі тәсілдерді (қолды ойнатып түрлі қимылдар жасап тарту) көбірек қолдануды керек етеді. Бұл қырғыз қомызшылығынан ауысқан машық екені ақиқат.

Халқымыздың күйшілік өнерін барынша зерттеп, жинап, насихаттау жұмысы – қазіргі кезде бәрімізге сын. Сондықтан, өнерімізді ықтияттықпен зерделеп, келешек ұрпаққа аманат қып тапсыру – келелі істің бірі бола бермек.

Раушан Алсаитова,
Аягүл Қыдырбай

«Жұлдыз» журналы

ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНІҢ ӨКІЛДЕРІ:

 Қожеке Назарұлы

Елемес Таласбайұлы

Омархан Керімқұлов

Мәді Шәутиев

Боранқұл Көшмағамбетов

Базаралы Мүптекеев