ЖИДЕЛІ-БАЙСЫН КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ

Жиделі-Байсын – Қазақ даласының оңтүстігі мен оңтүстік батыс өлкесін қамтып жатқан үлкен аймақ, ежелгі Сейхун (Сырдария) өзенінің Арал теңізіне дейін жалғасқан кең алабы, сонымен қатар арқаның Торғай, Қостанай жерлерімен де шекараласатын байтақ өңір. Бұл жерде негізінен жыршылық-жыраулық өнер басымырақ болуына қарамастан аспаптық музыканың, оның ішінде домбыра күйлерінің  мазмұны күрделі, формасы кесек, эпикалық-симфониялық сарынға ие, көркемдік өрнегі де басқа мектептерден бөлекше келеді. Жиделі-Байсын күйлерінің музыкалық формасы мен мелодиялық дамуы және ырғақтық өрнектері көне түркі-оғыздық сазды еске түсіреді, мысалы оғыз дәуірінде Сырдан үдере көшкен Түркімен, беріректегі Көшпелі өзбектер, Оғыздан тарайтын Әзірбайжандар мен Осман түріктері музыкаларында кездесетін байырғы түркілік әуезді буындар мен мақамдар Сыр бойындағы күйлерде сақталып отыр. Оғыз-Қыпшақ дәуіріндегі музыкалық мұраларымыздың ескерткіші бола алатын жәдігеріміз - Қорқыт күйлері десек, ол да осы топырақта сақталғаны белгілі, ал домбырадағы күйлердің сарынынан біркелкі бурдонның есіліп отыруы бұл мектеп күйлерінің тарихи діңінің әріден екенін көрсетеді, кейінгі әдеби-фольклорлық зерттеулерде Күлтегін мен Тоныкөк заманындағы тасқа жазылған жыр бунақтарының әсері «Алпамыс Батыр» секілді дастандарымызда болған деген тұжырымдар (академик С.Қасқабасов) бізге осы мектеп күйлерінің тамыры тереңде екендігін тағы да дәлеледей түседі.

Сыр бойындағы күйшіліктің арғы жағында Қорқыт десек, күйшіліктегі белгілі есімдер - Шал Мырза, Құрманай, Төремұрат, Қобылаш, Жалдыбай сияқты күйшілер. Жиделібайсынның ежелгі Ақмешіт пен Яссы ұласатын өңірінде Әлшекей Бектібайұлы мен Досжан Құрақұлының дәстүрі сақталған. Бұл өңірлік мектептің үздік өкілдері –Нәби Жәлімбетов, Исламбек Ысқақов, Жалғасбай Аралбаев, Төлеген Қаражанов, Мұзарап Жүсіповтер, Қошқарбек Тасбергеновтер.

     Ал Жиделі-Байсынның Ақтөбе, Шалқар аймағына ұласатын бөлігінде негізінен Қазанғап Тілепбергенұлының дәстүрі салтанат құрады. Қазанғап Жиделі-Байсын күйшілік мектебінің көрнекті өкілі, оның күйшілік мәнері Қарақалпақ, Қоқан, Бөкей ордасы, Маңғыстау жеріне дейін тараған. Бұл мектептің негізгі ұстынын қалағандардың алдында Қазанғаптың замандасы Үсен төре тұр. Қанғап мектебінің дәстүрін жалғастырушылар – Жәлекеш Айпақов, А.Жұбанов, Бақыт Басығараев, Сәдуақас Балмағамбетов, Жұмабай, А.Райымбергенов, Ж.Әлбетов, Еділ Басығараев, Н.Жанаманов, Ж.Асылханов, Т.Хамзиндар.

     Жиделі-Байсын күйлерін зерттеушілер – А.Райымбергенов, Б.Жүсіпов, Е.Нұрымбетов, Төребек Асылханов,  Е.Басығараевтар.

 

Материалды күйші Жанғали Жүзбаев ұсынды.

Әлшекей күйші жайлы мақаланы оқу

Ақбала күйші жайлы мақаланы оқу

ЖИДЕЛІ-БАЙСЫН КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНІҢ ӨКІЛДЕРІ:

Нәби Жәлімбетов

Қобылаш Жаймұратов

Бақыт Басығараев

Садуақас Балмағамбетов

Жұмабай Жансүгіров