БАТЫС ҚАЗАҚСТАН КҮЙШІЛІК ДӘСТҮРІ

Атырау-Орал күйшілік ұясы

Атырау-Орал күйшілік мектебі байырғы Бөкей Ордасының атақонысынан Ноғай даласына дейінгі байтақ өлкені қамтиды, бұл өлкенің күйлері жыраулық дәстүр мен эпикалық дастандардың өзегінен бастау алады, мақамы мен сарыны мейлінше кемел, қазақ даласына алғаш аяқ басқан орыс ағартушыларының назарына іліккен де осы өңірдің күйлері. Сырым көтерілісі кезінде «Сырым сазы», «Арынғазы», «Жантөренің Шалқымасы», одан беріректе Махамбет жыраудың күйлеріне ұласқан дәстүр ұланғайыр аймақтық күйшілік мектепті құрады, кейіннен Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерімен биік белеске көтерілген бұл мектептің дәстүрі жалпы алашқа үлгі болды. Атырау – Орал күйшілік мектебінің көрнекті өкілдері –Сырым Датұлы, Жантөре Айшуақұлы, Махамбет Өтемісұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нүрпейіскеліні, Сейтек Оразалыұлы, т.б. Осы мектептің орындаушылық үлгісін дамытуға өздерінің зор үлестерін қосқан және өздері де орындаушылық мектептерін жасағандардан -  Ә.Есқалиев, Р.Ғабдиев, Қ.Ахмедияров, Ш.Әбілттаевтарды ерекше атауға болады, сонымен қатар аталған күйшілердің шығармалары кейінгі кәсіби оқыту жүйесінің ұстынын қалағанын айта кету абзал.

     Бұл мектептің дәстүрін жалғастыру жолында есімдері елді елеңдеткен күйшілер -   Қ.Жантілеуов, О.Қабиғожин, Р.Омаров, Ғ.Қайрошев, Ғ.Әлжанов, Т.Аршанов, Ә.Есқалиев, А.Шәріпов Р.Ғабдиев, Ш.Әбілтаев, Қ.Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Батырқайырова,  Т.Шәмеловтер.  Осы мектептің күйлерін жинақтаған ғалымдар қатарында – А.Жұбанов, Б.Ерзакович, Қ.Мұхитов, Т.Мерғалиев, Қ.Ахмедияров, К.Сахарбаевалар бар.

 

Материалды күйші Жанғали Жүзбаев ұсынды

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНІҢ ӨКІЛДЕРІ:

Шәміл Әбілтаев

Рысбай Ғабдиев

Әзидолла Есқалиев

 

"ДИНАДАН тәлім алған Сәнен Самиғоллақызы Ажиева" көру