Сыбызғы күйлері

ҚАЗАҚТЫҢ СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ӨНЕРІ

Сыбызғышылық дәстүр республикамыздың Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде мектептермен, орындаушылық ерекшеліктеріне қарай кеңінен тараған. Сонымен қоса Қытайдағы Шыңжан өлкесінде [1] және Монғолиядағы Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтарда, сыбызғы дәстүріндегі үлкен мектептердің қаймағы бұзылмай сақталып бүгінгі  күнге дейін жетіп отырғанын көреміз [2, 3-4 б.]. Сыбызғышылық дәстүрді тұрғылықты өңірлеріне байланысты төрт аймаққа бөлінген:

1) Шығыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі,

2) Қытай қазақтарының сыбызғышылық дәстүрі,

3) Баян Өлгей сыбызғышылық дәстүрі,

4) Батыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі.

 

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

 

Шығыс Қазақстан — сыбызғы өнерінің алтын бесігі. Сыбызғы өнерінің бұл өңірде пайда болуынан бастап, ғасырлар бойы үзілмей сақталып атадан балаға мұра болып жалғасып, бүгінгі күнге жетіп отырған өлке. Шығыс Қазақстанның сыбызғышылық дәстүрі аймақтық көлемі жағынан да кең ауқымды қамтыған. Оған асқар Алтай тауын жайлаған Шығыс Қазақстан облысы, Қытай қазақтары және Монғолияның Баян-Өлгей аймағын мекендеген қазақтардың сыбызғышылық мұралары жатады. Негізінде Қытай мен Монғолиядағы қазақтар кезінде заманының ықпалымен екіге бөлініп, осы Шығыс Қазақстаннан жер ауып көшкендер [3]. Олардың ата-бабаларының негізгі өмір сүрген тарихи отаны осы Шығыс Қазақстан өлкесі болып табылады. Шығыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі Қазақстанды қосқанда Қытай, Монғолия сияқты үлкен үш мемлекеттегі қандастарымыздың ортақ мәдени мұрасы болып саналады.

Географиялық тұрғыдан жеке-жеке орналасуына орай, сыбызғышылық өнерлері де әртүрлі орындаушылық ерекшеліктерге бөлініп, өз алдарына дамып, өркендеп отырған. Еліміздің Шығыс Қазақстан облысындағы сыбызғы дәстүрінің тамыры сонау алыс ғасырлардан басталып, тереңнен сыр шертеді. Көне архаикалық үлгідегі аңыз күйлер де осы өңірде молынан сақталған. Аңыз күйлері «Көк бұқа», «Аңшының зары», «Бөкен жарғақ», «Жаралы ақ бөкен», «Жорға аю» тағы басқада күйлер өздерінің аңыз-әңгімелерімен сонау көне дәуірлермен аттасып жатқан тарихи жәдігерлер [4, 17-18 б.].

Көне түркі халықтарының бәріне ортақ болып айтылып жүрген «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» дастанындағы «Қош есен бол» күйіде осы өңірде сақталып, сыбызғыда тартылып жүр. Бұл өңірдегі сыбызғышылық өнердің қандай деңгейде дамығаны жайында музыка зерттеушілері мынандай мәліметтер айтады: «Экспедицияда жинаған материалдарға қарағанда XVI – XVII ғасырларда сыбызғы өнері жоғары дамығанын байқаймыз». Яғни бұл деректер айғақтағандай XVIII – ғасырдың дүлдүл сыбызғышылары Тілеке, Жантелі Бұланұлдарының шығармашылықтарының шарықтаған кезеңдері де осы кез. Жүйрік ат баптап мініп, жанына балуандар ертіп, өнерімен де дараланған Жантелінің сол кездегі бір үлкен ас-тойда, қарт сыбызғышы Тілекемен кездесіп күй тартысқаны айтылады [5, 21 б.].

Осыған қарағанда, күй өнерінің бір саласы күй тартысының бұл өңірде ерте заманнан бар екені белгілі болып отыр. XVII ғасырдан Тілекемен Жантеліден бастау алған сыбызғышылардың күй сайысы, арасына уақыт салып XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары Шерубай мен Мұса, елу, алпысыншы жылдары Оспанғали мен Шанақ сынды өнерпаздар күй тартыс өнерін жалғастырып келгені тарихи айғақ бола алады [5, 23 б.]. Сондай-ақ Алтайда қоныстас отырған қалмақтың Ұранхай, Торғауыт руларымен де қарым-қатынаста болып, сыбызғы тартысып, бір-бірлерімен күйлер үйреніп өнер алмастырып отырған. Бұл тарихи оқиғалар туралы «Қазақ пен қалмақтың тартысы», «Екі Ұранхай», «Аққабаның толқыны» - атты күйлердің аңыз-әңгімелерінде баяндалған [6, 55 б.].

Сыбызғышылықтың ірі тұлғалары XVI – XVII ғасырлардан белгілі болып, сыбызғышылық өнерлері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып беріліп, тұрмыстық салтымен бірге біте қайнасып, XX ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін үзілмей жалғасып келді. Әсіресе XIX – XX ғасырда осы өңірде өмір сүрген сыбызғышылардың өмірбаяны мен өнері жайлы деректер біршама баршылық. Сол сыбызғышылық мектептің бізге белгілі болған ірі өкілдері Енсебай (1955-1932), Мұса бақсы, Шерубай Орасайұлы (1880-1933), Сүлеймен Құттыгелді (1880-1932), Қалижан (1888-1964), Ғайса (1990-1953), Қалдыбай Меймебаев, Оспанғали Қожабергенов (1906-1965), Биқан Шерубаев, Шанақ Ауғанбаевтар.

Сыбызғы дәстүрінің ұзақ уақыт жалғасуының белгісі, осы өңірдегі сыбызғы үйрететін ұстаздардың сол уақыттарда көп болуы және ұстаз алдын көріп сабақ алған шәкірттердің де молдығы. Бірнеше атадан сыбызышылық өнерді жалғастырған әулеттердің барлығы, мәселен Шерубай сыбызғышының үлкен ұлы Батыр, екінші ұлы Биқанда ата жолын ұстаған сыбызғышы өнерпаздар болған [5, 26 б.]. Шерубай, Сүлеймен, Мұса сияқты бірнеше шебер сыбызғышылардың алдын көріп күй үйренген, ұстаз тұтқан шәкірттің бірі майталман сыбызғышы Шанақ Ауғанбаевты айтуға болады [7, 62 б.]. Халық арасында «Үкілі бақсы» атанған Мұсаның шәкірті Оспанғали Қожабергеновтың сыбызғышылық өнерін академик Ахмет Жұбанов айрықша бағалап, алпысыншы жылдары консерваторияға дәріс беруге шақыртқаны да белгілі [8, 285 б.]. Алпысыншы жылдары халық арасында сыбызғышы өнерпаздар сирей бастағанымен, сол уақытта осы дәстүрді жалғастырушы соңғы өкілдері Биқан Шерубаев пен Шанақ Ауғанбаевтар болды.

Сыбызғы аспабының дәстүрлі түрі қурайдан жасалады. Сыбызғы жасауға жарамды қурайдың ең сапалысы «қара қурайдың» да отаны осы Алтай тауы болатын. 

Қара қурай өсімдігінің де бұл өңірде көп өсуі сыбызғышылықтың сақталуының тағы бір себебі болуы әбден мүмкін. Сонымен қоса осы аймақтағы ән-күйлердің сыбызғы аспабының мүмкіндігіне лайық келуінің өзі де, сыбызғының өміршеңдігіне мол әсерін тигізіп отырған. Бұл жақтағы әндер мен домбыра, сыбызғы күйлерінің әуендік сарындары бір-біріне жақын болып келеді және ән-күйлерінің дыбыстық реті көбінесе таза диатоникалық болып құрылған.

Сыбызғы күйлерінің ішінде домбыра күйлерінің варианттары және солармен аттас күйлерде жиі кездеседі. Бұл өңірде айтылатын қара өлеңдер, халық әндері, сыбызғының репертуарынан өзіндік орын алған. Осы әндерді аспаптық нұсқада орындап, сыбызғы күйі ретінде де тарта береді. (Әнді аспаптық үлгіде күй етіп тарту үрдісі башқұрт қурайшыларының дәстүрінде молынан қолданылады).

Шығыс Қазақстан өңіріндегі сыбызғышылар көбінесе үш ойықты сыбызғыларды көп тартқан. Олардың ішінде 50-60 см қысқа сыбызғылар және 60-80 см ұзын сыбызғыларды да қолданған. Күйлерінің сазы ән тектес бірнеше әуеннің қайталануынан тұрады. Дыбыстық обертондарға бай өзіндік көне иірімдер сақталған. Дыбыс қатары мажорлы болып келетін сыбызғыда орындалуымен ерекшеленеді. Міне осындай кеңге қанат жайған үлкен мектептің ғұмыры XX ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап халық арасында сиреп, ұмыт бола бастайды. Оған Кеңес уақытында сыбызғы өнеріне көңіл бөлінбей, жеке орындаушылардың ескерілмеуі және кеңестік оркестрлік жүйеге жаппай көшіп еліктеулердің әсері де көп зияндығын тигізді. Бүгінде бұл мектептің өкілдері мен жеткізушілері жайлы мағлұматтар және күйлері мен аңыз-әңгімелерін музыка зерттеушілерінің деректерімен экспедициялық сапарда үн таспаға жазылған күйлер ғана растайтын айғақ болып табылады.

Шығыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрінің Биқан Шерубаевтың орындауындағы халық күйлері «Жорға аю», «Айрауықтың ащы күйі», «Жалпақ торы ат» болса, Шанақ Ауғанбаевтың орындауында «Қазақ пен қалмақтың тартысы», «Есік алды балқурай», «Ертіс толқыны», «Қылаң батыр» атты күйлер, ал Оспанғали Қожабергеновтың орындауында «Аққабаның толқыны», «Желмаяның желісі» атты күйлері бізге үн таспа арқылы жетіп отыр. Шанақ, Биқан, Оспанғали сынды шебер орындаушылардың тартқан біраз күйлері «Қазақтың 1000 күйі» [9] атты антологиялық күйлер жинағына еніп, еліміздің музыкалық мұрасының алтын қорына қосылып отыр.

 

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

 

Алтай тауының баурайындағы Қытай қазақтарының мәдениетінде, сыбызғы дәстүрінің ерекше бір мектебі жақсы сақталған [1, 5-7 б.]. Екі елдің арасында ұзақ уақыт байланыс болмағанымен соңғы жылдары қарым-қатынасымыз жақсара бастады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, атажұртқа оралған қандастарымыздың арасында көптеген өнер иелері де келе бастады. Солармен бірге сол жақтағы ән-күй мұраларымыз да елге жетіп отыр. Сондай-ақ біршама сыбызғы күйлері де Қазақстанға жетіп, үнтаспаларға жазылып, нотаға түсірілді. Бұл сыбызғы күйлерінің өзіндік ерекшелігі және орындаушылығындағы айырмашылықтары да айқын байқалып тұр.

Сыбызғышылық өнер Алтай, Тарбағатай тауларын жайлаған қазақтардың мәдениетінде дәстүрлі орын алған. Қытай қазақтарының сыбызғы мектебінің ең көрнекті өкілі Ақымжан Болдырғанұлы. Ақымжанның бір үлкен тойда 120-ға тарта күй тартқан деген әңгіме ел аузында айтылып жүр. Ақымжанды бала кезінде көзі көрген Жағда Бабалықұлы  Ақымжанның өнері туралы мынандай мәлімет береді: «Мұны қаламмен, қиялмен де жеткізе қою мүмкін емес. Тек сыбызғы, тек Ақымжандар ғана, айуанның адамнан бетер бұлқыныс хәлін, табиғи жағдайын толық өрнектей алса керек. Ақаң сыбызғының пірі еді-ау. Оның қара қурайдан істеліп езуінен түспес, сұңқыл үнді сыбызғысынан құтылар ештеңе жоқтай. Біздің үйде он бес күн бойы тартылған әсем саз, ащы күйлер 120-ға жетіпті» деп өз пікірін жеткізеді [10, 9 б.].

Демек, Ақымжанның сыбызғышылығының дәрежесі жоғары, дүлдүл өнерпаз болғандығын көрсетіп тұр. 1956 жылы Жағда Бабалықұлы  Қытайдағы Іле қазақтар автономиясының төрағасы болып тұрғанында қытай қазақтарында қанша сыбызғышы бар екені туралы анықтама жасайды. Алғаш келген деректерде сол өңірдің қырық екі сыбызғышысының аттары тіркелген екен. Оның ішінде Тарбағатай аймағындағы Дөрбілжің ауданында тұратын Ақымжанның жалғыз ұлы Алдажардың да аты бар болады, оның елуге тарта күй тартатыны айтылған. «Ақымжанның күйі», «Ақымжанның қоңыры» атты күйлер Алтай, Тарбағатай өңірінде бүгінгі күнге дейін ел ішінде тартылып жүр. Ақымжанды ұстаз тұтып, батасын алған шәкіртінің бірі Бөленхан сыбызғышы. Бөленханнан осы үлкен Ақымжанның орындаушылық үлгісін алып қалған сыбызғышы Бейілхан Қалиакпарұлы. Бейілханның орындауындағы күйлер шоқ бойы өзінің саздылығымен, иірім өрнектерімен ерекшеленіп тұрады. Алтай, Тарбағатай сыбызғышылық мектебінің басқа да көрнекті өкілдері Жұмахан Шотпақұлы, Нығмет Қабдылалыұлы, Құттыбай Садықұлы, Сүндетхан Оразалыұлы, Төлеген Құндыбайұлы, Долан Өнербайұлы және Жанымхан Байжұмаұлдарын атай аламыз [1, 6 б.]. Бұл өңірде халық арасында сыбызғы мен домбыра аспаптары көп тараған. Қобыз аспабы мүлдем жоқ деуге болады. Бірақ «Қорқыт күйі», «Қорқыт қобызы» деген атаумен бірнеше күйлер сыбызғыда тартылып жүр [51].  

Күйлерінің барлығы көбінесе төрт ойықты сыбызғымен тартылады. Жалпы бұл өңірдің күй орындау дәстүрі өзіндік стилімен айырықша мектеп болып саналады. Қытай қазақтарының сыбызғы өнері алдағы уақыттарда әлі де болса, тереңнен зерттеуді қажет ететін қыры мен сыры мол үлкен дәстүр болып есептеледі.

 

БАЯН-ӨЛГЕЙ СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

 

Сыбызғышылық өнердің тағы да бір дәстүрлі үлкен мектебі Монғолия қазақтары қоныстанған Баян Өлгей аймағында жақсы сақталған [2, 3-5 б.]. Сыбызғышылық дәстүр бұл аймақта атадан балаға мұра болып беріліп, қаймағы бұзылмай жетіп отыр. Осындай бай қазынаны ғасырлар бойы үзбей бүгінгі ұрпаққа мәпелеп жеткізіп, музыкалық мұрамыздың алтын қорына қосқан сыбызғышылар: Тарлаубай, Ыдекей, Құмақай, Кәбетай, Жұбайхан, Байсал, Шамғын қатарлы абзал тұлғалар болса, олардың ізбасарлары Қабыкей, Кәлек, Тотай, Қуанған, Ләмбай, Шіләй, Қожахан, Жанатхан тағы басқа да өнерпаздарды атауға болады. Бұл өңірде тек қазақтар ғана сыбызғы тартпаған. Қоныстары бір Ұранхай, Тыва халықтарының да сыбызғышылары халық күйлерін нақышына келтіріп тұрып тартқандары айтылады. Ұранхай ұлтынан Чойжиль, Байжан, Аткейлер болса, Тыва ұлтынан Тотай, Хуагтар сыбызғыны шебер тартқан өнерпаздар. Бұлардың тартатын күйлерінің ұлттық сарыны бөлектеу болғанымен «Ертіс толқыны», «Балжыңгер», «Жорға аю» сияқты күйлерінде ешбір айырмашылық болмайтын.

Ұранхай ұлтының күйлері ішінде өз ортасына кең тарап өріс алған «Ертіс толқыны», «Дөрвө өрдин», «Балжыңгер» күйлерін атауға болады. Жоғарыда аталған басқа ұлт сыбызғышыларының ұстаздары түгел дерлік қазақтар болған. Бұл аймақта дәстүрлі орындаушылар біршама көп болған және сыбызғы күйлерінің құрылымы мен әуен саздары да түпнұсқалық бейнелерін жоймай тартылуда. Қазақстан және Қытай қазақтарымен салыстырғанда сыбызғы күйлерінің ең көп сақталған жері де осы Баян-Өлгей аймағы.

Бұл аймақта ұлттық күй аспаптарынан сыбызғы мен домбыра ғана сақталған. (Қылқобыз мүлде ұмыт болған, олардың күйі де, аңыздары да жоғалған, айтылмайды.) Тартылатын күйлері мен аңыздары осы домбырамен сыбызғыдан туындаған шығармалар болып саналады. Бір ғажабы осы күйлердің ішінде көне архаикалық аңыз-күйлердің молдығымен және сол күйлер варианттық жағынан да өте байлығымен ерекшеленіп тұрады. Бір «Жорға аю» күйінің төрт түрлі варианттарымен аңыздарын кездестіруге болады.

Сондай-ақ аймақта тартылатын сыбызғы мен домбыра күйлерінің көпшілігі бір-бірімен араласып, бір аңызда домбыраның күйі, енді бір аңызда сыбызғының күйі болып айтылып тартыла береді. Бұл күйлердің тағы бір ерекшелігі бірнеше ғасыр уақыт өтіп, шет жерлерде тартылып жүрсе де өзінің тарихи мазмұнын жоғалтпай Шығыс Қазақстандағы жер, су аттары күні бүгіндері де сол күйінде аталуда. Оған куә сыбызғының күйі «Балжыңгердің» аңызында Шығыс Қазақстандағы «Марқакөлдің» атымен байланысты тарихи дерек айтылады. Бұл күйдің аңызы еліміздің шығыс өңірлеріндегі күй аңызында да дәл осылай айтылады [4, 35 б.]. Соған қарағанда Қытай қазақтарының, Монғолия қазақтарының және Шығыс Қазақстан күйлерінің түп тамыры бір жерден шыққанын тағы да дәлелдеп тұр. Бұл аймақтағы ән-күй мұрасын жинастырып, кітап жазып жарыққа шығаруда Қабыкей Ахмерұлының еңбегін ұшан-теңіз деп айтуға болады. «Қазақтың 300 әні», «Баян Өлгей қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» жинақтары ұлтымыздың мәдени мұрасына қосылған асыл қазына.

Жеті атасынан бері сыбызғышылық өнерді ұстаған бір Кәлек Құмақайұлының жадында сақталған елуден астам күйлерді өзі тартып жеткізгені еліміздің күй мұрасын сыбызғы күйлерімен байытып, толықтыра түсті. Сондай-ақ елімізде кенжелеген сыбызғы өнерінің дамуына осы Баян Өлгей қазақтарының сыбызғышылық үлкен мектебінің қосқан үлесін де баға жеткісіз деп айта аламыз. Күйі мен аңызы егіз өрілген Баян-Өлгей аймағы, әлі де болса елімізге жетпей жатқан қазынасы мол, ән-күйге бай аймақ болып табылады. Баян Өлгей сыбызғышыларының сыбызғылары үш немесе төрт ойықты болып келеді. Тартылатын күйлері ән тектес, бірнеше қайталаудан тұратын күй формасына жатады. Күй әуендері қалыптасқан бір ырғақтың желісінде тартылатындығымен ерекшеленіп тұрады.

 

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

 

XIX ғасырда өнер ордасынан айтарлықтай орын алған. Бұл сыбызғышылық дәстүр туралы деректер академик Ахмет Жұбановтың жазған еңбектерінің арқасында ғана бізге жетіп отыр [8, 276 б.]. Қолда бар деректерге қарайтын болсақ Батыс Қазақстан сыбызғышылық мектептің ең көрнекті өкілі Сармалай екенін көреміз. Сармалай өз заманында батыс өңіріне атағы жайылған, ең күшті сыбызғышы болған. Батыс Қазақстан дәстүрін осы Сармалай шығарған күйлермен, сол күйлердің аңыз-әңгімелері арқылы білеміз. Сармалай күйлері өзі өскен ортаның сан-сала көріністеріне арналып отырған.

Сармалай шығарған «Наридірген», «Сансызбай», «Ақсақ құла», «Мұңды қыз», «Шона батыр» күйлері сол заманда халық арасында кеңінен танылады.

Сармалайдың күйлері шәкірті Ысқақ Уәлиев арқылы бізге жетіп отыр. Ысқақ Батыс Қазақстан сыбызғышылық мұраны жалғастырған өнерпаз. Ол 1934 жылы құрылған Құрманғазы оркестрінің тұңғыш сыбызғышысы. Оның орындауындағы Сармалайдың біраз күйлерін Ахмет Жұбанов нотаға түсірді [11, 498-501 б.]. Бұл өңірдің тағы бір өкілі Мәкәр Сұлтанәлиевтің біраз сыбызғы күйлері өнертанушы Болат Сарыбаевтың орындауында ғана жетіп үнтаспаға жазылған [12, 205 б.]. Маңғыстау өңірінде өмір сүрген Мүйімсат Оңғаровтың орындауындағы бірнеше күйлер А.Райымбергеновтың жазып алуында нотаға түсіріліп жарыққа шықты [6, 63-65 б.]. Мәкәр мен Мүйімсаттардың шығармашылығы туралы деректер өте аз сақталған. Бүгінде батыс Қазақстандағы сыбызғышылық дәстүр мүлдем жоғалған деуге болады.

Осы аталған сыбызғышы өнерпаздар батыс өңіріндегі сыбызғышылық дәстүрдің соңғы өкілдері болып саналады. Батыс Қазақстан сыбызғышылары қолданып тартқан сыбызғылары бес ойықты болып келеді. Олардың тартқан күйлері минорлы, созып тартылатын күйлерге жатады. Формалық жағынан диапазоны кең аспаптық мүмкіндіктерді кеңірек пайдаланғанымен ерекшеленеді.

 

Қортындылай айтқанда, сыбызғышылық дәстүр орындаушылық ерекшеліктеріне және күй құрылымдарына қарай  төрт аймаққа бөлінді. Олар, Шығыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі, Шыңжаң қазақтарының сыбызғышылық дәстүрі, Баян-Өлгей сыбызғышылық дәстүрі,  Батыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі.

Шығыс Қазақстан, Шыңжаң және Баян-Өлгей аймақтарындағы  сыбызғышылар 3,4 ойықты қысқа сыбызғыда күй тартуларымен, күйлерінің құрылымы көп қайталанып,  ән тектес болып келетіндігімен және сол өңірдегі аңыз күйлерінің домбыра мен сыбызғыда алмасып орындала беретіндігімен де ерекшеленеді. Батыс Қазақстан дәстүрінің сыбызғышылары 5,6 ойықты сыбызғы тартатындығы және күйлері аспаптық тұрғыда дамып, ырғақтарының құбылмалы болып келетіндігімен ерекшеленетіндігін көрсетіп отыр.

ТАЛҒАТ МҰҚЫШЕВТІҢ "ҚАЗАҚТЫҢ СЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ" АТТЫ КАНДИДАТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ ЕҢБЕГІНЕН АЛЫНДЫ

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Кенешұлы Д. Алтай-Тарбағатай өңірінің сыбызғы күйлері. – Алматы:

Атамұра, 2008.-192 б.

  1. Жолдасова Н.К. Казахско-башкирские флейтовые аэрофоны.

//Музыкальное искусство: Наука и образование: сборник научных трудов.- Астана: КазНАМ, 2004. – С.170-174.

  1. Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі: Мәдени мұра. – Алматы, 2009. -10 б.
  2. Мұқышев Т. Сыбызғы сазы (Монғолиядағы Баян-Өлгий қазақтарының

сыбызғы күйлері). – Алматы.:Өнер, 2005.-80 б.

  1. Бекхожина Т. Даламның назды саздары. – Алматы: Өнер, 1996.-208 б 
  2. Райымбергенов А., Аманова С. Күй қайнары – Алматы: Өнер, 1990.- 288 б. 
  3. Бекенов У. Күй табиғаты. – Алматы:Өнер, 1981.-173 б.
  4. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. – Алматы: Жазушы, 1975.-400 б.
  5. Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі: Мәдени мұра. – Алматы, 2009. -10 б. 
  6. Бабалықов Ж. Сыбызғы сыры. // Аңсар. – 2007. -№ 8. – Б.8-9. 
  7.  Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. – Астана, 2002. – 832 б.
  8. Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы: Өнер, 1980. –

208 б.

Сыбызғышылар мақаласын оқу

CЫБЫЗҒЫШЫЛЫҚ ДӘСТҮРДІҢ ӨКІЛДЕРІ:

КӘЛЕК ҚҰМАҚАЙҰЛЫ

Шанақ Ауғанбаев

ТАЛҒАТ МҰҚЫШЕВ


Сұрақ және Жауап сайты